Еліміздегі кинотеатрлар жұмыстарын қайта бастауға рұқсат сұрайды
Себебі қазірдің өзінде 90 кинотеатрдың жетеуі біржола жабылса, қалғаны банкрот болудың аз-ақ алдында тұр.
Пандемия салдарынан миллиардтаған шығынға батқан кинотеатр иелері қызметкерлерін белгісіз уақытқа дейін ақысыз демалысқа жібергендіктен, білікті кадрлардан айырылып қалу қаупі төніп тұр. Егер мемлекет бұл бизнес иелеріне қолдау көрсетпесе, елдегі әрбір 5-кинотеатр жабылуы мүмкін.
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Қазіргі таңда еліміздегі кинотеатрлардың барлығы бос тұр. Ал кинопрокатқа толайым табыс табамыз деп әншілер, жұлдыздар, кинорежиссерлер түсірген туындылар архивте шаң басып жатыр. Енді кинотеатрлар ең болмағанда залға 50% көрермен кіргізуге рұқсат сұрап отыр. «Санитарлық талаптарға сай бейтаныс адамдар бір-бірінен екі орын алшақ отырғызылады», – дейді.
«Рұқсат берсе, барлық талапты сақтап, жұмыс істер едік. Билеттер онлайн сатылады. Залды жиі желдетіп, тазалау жұмыстары жүргізіліп тұрады. Ол үшін кинокөрсетілімдер арасы ұзартылады. Маска тағу, дене қызуын өлшеу де жүргізіледі», – дейді кинотеатр өкілдері.
Алмаз Малдыбаев, Kinopark & Kinoplexx theatres кинотеатрлар желісінің құрылтайшысы:
- Бас санитар келіп тексерді. Дайындығымызға жақсы баға берді. Тек көрермен санын 50% 30-ға дейін азайтуды сұрады. Біз оған дайынбыз.
Жапония, Оңтүстік Корея болсын вирустың өршуіне қарамай, киноиндустрия өндірісін тоқтатқан жоқ. Кинотеатрлар санитарлық талаптарды сақтап, жұмыс істеп тұр. «Бізге де осы тәсілге көшу керек», – дейді кәсіпкерлер.
Алмаз Малдыбаев, Kinopark & Kinoplexx theatres кинотеатрлар желісінің құрылтайшысы:
- Егер Ресей, Еруопа елдеріне жүгінсек, қауіп жоқ. Неге десеңіз, кинотеатрлар ашылғаннан кейін олар қайта жабылған жоқ. Алты ай ішінде Kinopark & Kinoplexx theatres жүйесі 6 млрд теңгеден астам жалпы табыстан айырылды. Үкіметке 600 млн теңгеден астам салық төленбеді.
Сарапшылардың айтуынша, адамдардың киноға бару әдеті – ұзақ уақыт бойы қалыптасатын үрдіс. Ал карантин кезінде көрерменнің көбі фильмдерді үйде жатып көруге дағдыланып алды. Сондықтан алып индустрияның кіріс көзін қайта қалпына келтіру оңайға соқпайды.
Мунира Ягудина, Қазақстан Кинотеатрлар иелері қауымдастығының президенті:
- Кино мен кинотеатрлар индустрия саласы ретінде бес жылға көштен кейін қалды. Егер кинотеатрларға инвестиция салынбаса, жаңа технологиялар әкелінбесе, эпидемиологиялық ахуал оңалмаса, бұл өте қауіпті бизнестің түріне айналады.
Еліміздегі кинотеатрлардың ай сайынғы шығыны 5 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұдан бөлек осы салада еңбек ететін 5-6 мыңдай адам табыссыз жүр. Бюджетке түспейтін миллиардтаған салық тағы бар. Сондықтан сала өкілдері халықтың рухани демалатын, сауатын ашып, мәдениетін көтеретін киноиндустрия саласы келмеске кетпесін десе, ел Үкіметі тез арада тиісті қаулы қабылдап, кинотеатрлардың жұмысын жандандыруы керек деген пікірде.
Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Болотбек Тауболдиев