СҚО-да 41 мыңнан астам құс қырылып қалды
Солтүстік Қазақстан облысының «Бескөл» құс фабрикасында 41 мыңнан астам қанатты қырылып қалды. Бұл туралы Ветеринария басқармасының мамандары мәлімдеді. Ал осыған дейін әлеуметтік желілерде 180 мың қанаттының өлгені туралы ақпарат тараған еді. Алайда мамандар бұл мәліметті жоққа шығарып отыр. Қалыптасқан жағдайға байланысты аймаққа республикадан індетке қарсы отряд көмекке барды.
Бұл – Петропавл қаласынан он шақырымнан астам жерде орналасқан Якорь ауылы. Өткен аптада мұнда құс тұмауының ошағы табылған. Қазір залалсыздандыру жұмыстары қолға алынды.
Евгений Твердохлебов, Якорь ауылының тұрғыны:
- Құстар жеті жүздеп, мыңдап қырылып жатыр. Ал халық етті қайда өткізерін білмей дал. Тұрғындарға өтемақы беріледі деген еді. Бірақ әзірге нақты ешқандай хабар болмай тұр.
Статистикалық мәлімет бойынша бүгінгі күнге дейін 11500-ден астам үй құсы қырылған. Бұған тағы жабайы құстарды қосыңыз. Мәселен, коммуналдық қызметшілер Петропавлдағы орталық саябақтан күніне жүзге жуық қанаттының өлексесін жинайды. Аталған жағдайға байланысты облыс әкімінің қаулысымен 7 ауданның 11 ауылында карантин жарияланды. Енді бұл тізімге тағы алты елді мекен қосылмақ. Құс тұмауы кәсіпкерлерді де қыспаққа ала бастады. Әлеуметтік желілерде «Бескөл» құс фабрикасында қанаттылардың қырылғаны туралы ақпарат тараған еді. Ветеринария басқармасындағылар оны растады.
Берік Әлжанов, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:
- «Бескөл» құс фабрикасы бойынша ресми түрде 19 қыркүйектен 21 қыркүйекке дейін 41 мың тауық құсының өлімі тіркеліп отыр. Қазіргі таңда осы құс фабрикасы бойынша өлген құстарды жағу үшін республикалық індетке қарсы отрядтың өкілдері жұмыс істеп жатыр. Ол үшін арнайы техника келіп, өртеу жұмыстары жүріп жатыр.
Қазір жағдай қатаң бақылауда. Облысқа 873 мың доза вакцина жеткізілді. Енді екпе жұмыстары қауіпті індет табылған ауылдардан 20 шақырым радиуста және жабайы құстардың ұшу бағыты бойынша жүргізілетін болады. Айта кету қажет, бүгінгі күнге дейін өңірде 400-ге жуық адамның ауру құстармен байланыста болғаны анықталды. Енді олар дәрігерлердің бақылауында болады.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев