ШҚО-дағы кезекші сынып оқушысынан коронавирус анықталды
Жұқпалы кеселді Алтай ауданы Парыгино ауылындағы мектептің 2-сынып оқушысы жұқтырған. Бұл – биылғы жаңа оқу жылында оқушылар арасында алғаш тіркелген дерек. Енді аталған мектеп карантинге жабылуы мүмкін бе? Балада ол ауру қалай, қай күні анықталған, отбасының, туған-туысының жайы қандай?
Эльмира Ахметова, тілші:
- Алтай аудандық ауруханасы бас дәрігерінің хабарлауынша 2-сынып оқушысы 12 қыркүйек күні жедел респираторлы жұқпалы ауру белгілерімен ауруханаға келіпті. Жалғыз емес, қасында бір сынып төмен оқитын бауырымен келген екен. Екі баладан да, анасынан да коронавирус ауруларына тест алынған. Міне, сол тестінің нәтижесі 17 қыркүйекте шыққан. Бауыры мен анасы аурудан таза болып, осы 2-сынып оқушысынан инфекция дәлелденген екен. Қазір баланың жағдайы қалыпты, ол үйінен ем қабылдауда. Біздің білуімізше мектеп осы күнге дейін жұмыс істеп келген. Жалпы шағын кешенді мектеп көрінеді. Бүгінгі нәтижеден соң білім беру мекемесі әрі қарай карантинге жабыла ма, жоқ па әзірге оны ешкім айта алмай отыр. Айтпақшы, COVID-19 жұқтырған баламен байланыста болған оқушылардан да талдама алынған. Біз сол өңірдегі ауданаралық аурухана бас дәрігерден хабар алдық.
Владимир Коробкин, ауданаралық аурухананың бас дәрігері:
- Ол баланың мектепке соңғы барған күні 11 қыркүйек. Сондықтан осы уақыттан инкубациялық кезең өткен соң, яғни ертеңнен бастап сыныптастарын бақылау тоқтатылады. Кіші інісі мен анасының тест нәтижесі теріс екені белгілі болды. Айта кету керек, анасы сол мектепте мұғалім болып істейді. Ағасының да жағдайы жақсы. Бірақ барлығы тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, ол отбасы біздің назарымызда.