Елімізде пневмонияға шалдыққандар саны күрт өсті
Есесіне өкпесі қабынғандар еселеп өсті. Соңғы тәулікте 364 адамға пневмония диагнозы қойылған. Көрсеткіштің бұлай күрт өсуін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың емханаларға көп келуімен ғана байланыстырып отыр.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Көктемі кеш, күзі ерте келетін елордада күн суытты. Тіпті синоптиктер алдағы екі күнде алғашқы қар жаууы мүмкін деген болжам айтады. Демек, тұмау секілді жіті респираторлық инфекциялар оянады. Биылғы тұмау мезгілі әдеттегіден әлдеқайда қауіпті болмақ. Дәрігерлер дабыл қағып жатыр, ал қазақстандықтардың дайындығы қалай?
Бір байқағанымыз – халық бейқам. Жеке бас тазалығын сақтаудан бөлек, екпе алуға көбі қарсы.
Коронавируспен салыстырғанда тұмау сонша қауіпті болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ сандар былай сөйлейді: өткен жылы тыныс алу жолдарының қабынуынан 5 млн қазақстандық науқастанған, жыл сайын 90 адам көз жұмады. Оның үстіне тұмау мен коронавирустық инфекцияның айырмашылығын қарапайым қазақстандықтар түгіл, ғалымдар да әлі нақтылай алмай отыр.
Лена Қасабекова, эпидемиолог-дәрігер:
- Клиникалық белгілері және жұғу жолдары да өте ұқсас. Сондықтан қорғану тәсілдері де ұқсас болып келеді. Карантиндік шараларды енгізгеннен бері айтып келеміз, әлі де айта береміз, шаршамаймыз. Ең бірінші мәселе – жеке бас гигиенасын сақтау. Қоғамдық орындарда, транспортта, қыдырған кезде, көшеде бетперде киіп, қолды жиі жуу керек.
Бұдан бөлек, иммунитет. Кез келген вирусқа қарсы мықты қорғаныс. Коронавирустық инфекцияның бірінші толқыны қазақстандықтардың иммунитетінің әлсіз екенін көрсетіп берді. Халық біздің қанша балық жейтінін, оның тіпті аз екенін біліп, аң-таң болып жүргеніміз де сондықтан.
Роза Қалдыбекқызы, Астана медициналық университетінің кафедра меңгерушісі, доцент, эпидемиолог:
- Иммунитеттің 40% ақуыздан тұрады. Ол қандай тағамдарда болады? Сиыр еті, жылқы еті, тауық еті және балықта өте бай.
Эпидемиолог мамандар адамның көңіл-күйі де кез келген инфекцияға қарсы тұрар қорғаныш екенін айтады. Қорқыныш көптеген ауруды қоздырып, иммунитетті төмендетеді.
Роза Қалдыбекқызы, Астана медициналық университетінің кафедра меңгерушісі, доцент, эпидемиолог:
- Өзімізге ауруды шақырмау керек. Симптомдар пайда болған кезде күресуіміз керек. «Мен жазыламын, мен емделемін, бұл ауруды жеңемін» деген мақсат болуы қажет.
Өткен бір тәулікте пневмонияға шалдыққан қазақстандықтардың саны күрт өсіп, 364 адамға жетті. Мұның себебін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары қазақстандықтардың емханаларға көп келуімен ғана байланыстырып отыр. Ал мамандар ел тұрғындарын екпе алуға шақырады. Вакцинация биыл әдеттегіден екі аптаға ерте басталды. «СҚ-Фармация» қазақстандықтардың қарсылығына қарамастан 2 млн дәрі мөлшерін сатып алып отыр.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Шапағат Қуатбекова, Әнел Әбдімова, Болотбек Табалдиев, Айбын Құсанбеков