Жамбыл облысында аудан орталығының халқы көгілдір отынсыз қалған
Яғни газ құбырларын иеленіп алған кәсіпкер «ҚазТрансГаз Аймаққа» жылыту маусымына дайын екені туралы құжатты бермей қойған. Ал тұрғындар қауіпсіздігін ойлаған ірі газ тасымалдаушы компания көгілдір отын беруді тоқтатуға мәжбүр болыпты. Бірақ «ҚазТрансГаз Аймақ» мұқым елдің мұңына айналған мәселені шешіп, елдің алғысына бөленді.
Төле би ауылының тұрғындары «Париев» ЖШС кесірінен екі аптадан бері көгілдір отынсыз қалдық деп наразы. Айтуларынша, елден ақша жиып, газ құбырын тартқан кәсіпкер халық меншігін өз атына аударып алған. Бірақ ешқандай техникалық бақылау не тексеру жұмыстарын жүргізбейді. Сорақысы сол, кәсіпкер әр үйге көгілдір отын тарту үшін 1 млн-нан астам қаржы алатын көрінеді. Сондықтан тұрғындар билік өкілдерінен бұл «Париев» фирмасынан басқасын тауып берсін деп талап етіп отыр.
Мәкен Уақтегі, Шу ауданының тұрғыны:
- Газ кіргізу үшін 1 млн 260 мың ақша төлеген. Көбі милллион теңгеден асқан. Мұндай баға Қазақстанда жоқ.
8 қыркүйек күні Шу қаласындағы газ құбырларын «ДЛС-Пергам» метан газ анализаторы бар арнайы көлікпен тексеру кезінде «Париев» фирмасына тиесілі құбырдағы ақаудан табиғи газдың ауаға таралып жатқаны анықталған. Сондықтан «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілдері: «Көгілдір отын беруді тоқтатуға мәжбүр болдық», – дейді. Содан бері «Париев» ЖШС өкілдері газ құбырындағы ақауды жөндегені жайлы, жалпы өздеріне тиесілі газ құбырларының жылыту маусыма дайын екенін дәлелдейтін құжаттарды да ұсынбаған көрінеді. Ақыры аудан атқамінерлері барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, «ҚазТрансГаз Аймаққа» өтініш жазыпты. Міне, осыдан соң ел тілегі орындалып отыр.
Зәуреш Бастаубаева, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ЖОФ заң бөлімінің басшысы:
- «Париевке» тиесілі газ құбырларын тексеру барысында бірқатар кемшілік анықталды. Сондықтан Төле би ауылы мен Жетісу, Жайсан алқаптарына көгілдір отын беру тоқтатылды. Бірақ біз елдің талабын естіп, қауіпсіздікті сақтай отырып, көгілдір отынды қайта беріп отырмыз.
Мамандардың айтуынша кәсіпкер 2015 жылы жасалған үш жақты меморандум негізінде бірден газ құбырларын «ҚазТрансГаз Аймаққа» беруі керек болған. Бірақ бермеген. «Енді соның зардабын халық тартып отыр», – дейді компания өкілдері. Бірнеше күннен бері жүзден астам үй мен 30 кәсіпорынды газсыз қалдырып, жұртты сергелдеңге салған «Париев» серіктестігіне қатысты сұрақты жергілікті билік шешпесе, бұл бассыздық жыл сайын қайталана беретін түрі бар.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан