Спортшы Азамат Оразбектің арманы қандай?
Солардың бірі – алматылық Азамат Оразбек. Параолимпиадашы жігіт жүзу мен үстел теннисінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстанның жеті дүркін чемпионы. Ол бүгінде бассейндердің жұмысына рұқсат берілгелі бері жаттығуға кіріскен.
Азамат Оразбекпен қаладағы бассейндердің бірінде кездестік. Жүзу оның бала күнінен жанына серік еткен спорты. Талай жарысқа қатысып, Халықаралық спорт шебері атанды. Ұлттық құраманың мүшесі де болды. «Бірақ денсаулығыма байланысты аздап үзіліс алуға тура келді», – дейді. Дегенмен, Азамат ол кезде де қарап жатпады. Үстел теннисін меңгеріп, Қазақстан чемпионы атанды. Енді бассейндегі жаттығуды қайта бастапты.
Азамат Оразбек, жүзуден Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– Енді қазіргі таңда қайтадан оралып жатырмын. Сол кезде Ұлттық құрамада болғанмын. Енді қазір қайтадан Ұлттық құрамаға кіру керек болып жатыр. Жаттығу аптасына бес рет. Күнделікті келіп, тренердің өзінің берген әр күнде тапсырмалары бар. Солардың бәрін орындаймыз.
Азаматтың қазіргі бапкері – Сергей Прилепа. Коронавирус қайта өршіп кетпесе, Таразда өтетін Қазақстан чемпионаты мен Таиландта өтетін Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр.
Сергей Прилепа, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
– Көрсеткіштері күннен-күнге жақсарып келе жатыр. Жаттығуларды қалдырмайды. Жағдайға байланысты бірнеше жарыс өтпей қалды. Дегенмен Тараздағы ел біріншілігі болады деген үміт бар.
Азаматтың тағы бір сүйікті ісі – ән айту. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Төтенше жағдай кезінде волонтер болып жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік таратуға атсалысты.
Азамат Оразбек, жүзуден Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– Бала кезімнен бастап өнерге қатты құмармын. Өзімнің авторлық әндерімді жазып, әйтеуір барынша үйреніп жатырмыз.
«Өмірде қандай жағдай болса да еңсеңді түсірмеу керек», – дейді спорт шебері. Анасы тілеушісі болса, байлығы – балалары. Сүйікті жары Ажар екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов