Қостанай облысына жедел жәрдем қызметі жаңа көліктермен толықты
Барлығы аудандар мен шағын қалаларға бөлінеді. Автокөліктер шұғыл көмек көрсететін замануи медициналық құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ облыстың шалғай ауылдарына қатынайтын он медициналық жылжымалы кешен алу көзделіп отыр.
Бұл – Қостанай облысына жеткізілген жедел жәрдем көлігінің кезекті легі. Барлығы 26. Оның жартысы реанимациялық машиналар. Қалған бөлігі – жедел көмек көрсететін желілік көліктер. Ішінде қажетті құрал-жабдықтардың барлығы бар. Атап айтсақ, электрлік импульспен жүрекке әсер ететін арнайы құрылғы, электрокардиограмма, аспиратор және оттегі қоры мол өкпені жасанды желдеткіш аппараты орнатылған.
Ирина Штейгервальд, облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:
- Машина ішінде бәрі ығайлы орнатылған. Ең бастысы COVID-19 кезінде болған кемшіліктердің барлығы ескерілген. Мұнда он литрден оттегі толтырылған екі баллон бар. Одан тағы екі баллон, бірі реаниамациялық сөмкеде, екіншісі мына жерде орнатылған. Әрқайсысы 2 литрден.
Сондай-ақ облысқа алыс жолға жарамды медициналық кешендер жеткізілді. Әзірге үшеу. Жақын күндері дәл осындай тағы он машина алынады деп жоспарланған.
COVID-19 індетіне қарсы тұру мақсатында биыл санитарлық көлік және медицналық құрал-жабдықтар сатып алуға 7 млрд тенгеге жуық қаржы бөлінді. Соның арқасында 110 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Оған қосымша отандық өндірістен шыққан 50 реанимобиль таяу күндері облысқа жеткізіледі.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг