Түркістан облысында заңсыз қоқыс тастау дерегі тыйылмай тұр
Оның көбі Кентау қаласының аумағында орналасқан. Табиғатқа залал келтіретін бұл олқылықтар қашан шешіледі? Ол үшін қандай жұмыстар қолға алынған?
Бұл – Қарнақ ауылы тұрғындарының қоқыс төгетін алаңы. Күре жолдан бір шақырым қашықтықта орналасқан. Алайда осында күзетші болып жұмыс істейтін Әбдіғали есімді жігітағасы ауыл тұрғындарының көбі қоқысты арнайы белгіленген орынға емес, жол-жөнекей сай-салаға төге салатынын айтады.
Әбдіғали Валхан, күзетші:
- Адамдар анау жерге төгу керек, түнде ешкім болмаған соң осында келіп, төгіп кетеді. Бұл – заңсыз іс. Және ондай адамдар өте көп.
Жалпы Кентау қаласына 12 ауыл қарайды. Олардың барлығында өз қоқыс алаңдары бар. Бірақ оларда да дәл осындай жағдай қайталанған. Өңірдегі экологияға жауапты мамандардың айтуынша Кентау қаласы мен оған қарайтын ауылдарда табиғатты ластайтын 67 заңсыз қоқыс алаңы анықталған. Кенді шаһардағы көпқабатты үйлердің ауласында да бей-берекет тасталған қоқыстар шашылып жатыр.
Әбдісамат Исрайлов, Кентау аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Бұл бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Қазірдің өзіне 60-70% орындап қойдық. Шынын айту керек, Шорнақ елді мекенінің әкімі жаңадан ауысып, сол кешіктіріп жатыр. Одан кейін Майдантал ауылында он шақты нүкте бар. Қазір сонымен айналысып жатыр. Жақын арада бітеміз. Ал қала бойынша кешегі жаз айларында шамалы күрделілік болды. Өйткені тоғыз техника бар. Оның жартысы жөндеуді қажет еткендіктен, белгіленген жұмысты істей алмадық. Бүгінгі таңда шамалы реттеліп қалды.
Жақында Экология министрлігі заңсыз қоқыс алаңдарына қатысты ғарыштан түсірілген суреттерді жариялады. Онда жалпы Түркістан облысы бойынша осындай 265 қоқыс алаңының бар екені анықталған. Өңірдегі Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында да жағдай мәз емес. «Заңсыз қоқыс алаңдарының көбеюіне жергілікті билік те, бұқара да кінәлі», – дейді облыстық Экология басқармасының мамандары. Жыл басында облыс әкімдігі мен жауапты сала өкілдері осы түйткілді шешу үшін аудандарға 275 хат жолдапты. Бірақ соның көбі қағаз күйінде ғана орындалған.
Имангелді Түймебаев, облыстық Экология департаментінің басшысы:
- 2019 жылы 303 орын анықталған болатын. Оның барлығы тазаланды деп мәлімет бергенсіздер. Алайда біз аралап көрдік, оның барлығы тазаланбаған. Қайта көбейген. Бей-берекет жатқан полигондар бар.
Өңірде заңсыз қоқыс алаңының көбеюіне тағы бір себеп бар. Ол – арнайы полигондардың аз болуы. 900-ден астам елді мекені бар облыста 30-ға жуық қоқыс төгетін орын қарастырылған. Сонымен қатар облыста тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші де өте төмен. Оның тек 9% ғана қайта кәдеге жаратылады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы