Ертіс өңірінде жабайы құстар фаунасы зерттелді
«Десе де аймақта дала құстары жаппай қырылған жоқ», – дейді су айдындарын тексеріп жүрген мамандар. Жалпы өңірге ұшып келетін қанаттылардың түрі 60-қа жуықтайды екен. Аңшылық маусымы қызған қазір мамандар рейдтік шараларды қолға алған.
Осы тектес рейдтік шаралар күнбе күн жүргізілуде. Мақсат – жабайы құстардың өлімі тіркелсе, дереу шара қолдану. Сондай-ақ қанаттылардың мінез-құлқын жіті бақылау. Әзірге қандай да бір күмән келтіретін жағдайлар байқалмады. Облыста 38 аңшылық шаруашылығы бар. Әрқайсысының иелігіне кем дегенде бес көл бекітілген.
Владимир Перескоков, облыстық орман шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
- Көлдердің жағалауларын бақыладық. Құстар алаңсыз тіршілік етуде. Бұл – денсаулықтарында қандай да бір аутықулар жоқ деген сөз. Қазіргі уақытта Солтүстік өңірлерден оннан астам құс түрі ұшып келуде. Кей су айдындарында жиналады да, өзге аймақтарға кетеді. Жыл сайын қайталанатын жағдай.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Павлодар қаласының аумағында осы тектес 20-дан астам шағын көлшік бар. Сала мамандарының айтуныша су айдындарында жабайы құстардың 20-ға жуық түрін кездестіруге болады. Жалпы аймақта құс тұмауы деректері тіркелгелі бері жануарлар әлемін қорғау инспекциясы рейдтік шараларды күшейте бастаған.
Жабайы үйрек, тырна, аққу, қасқалдақ, шалшықшы. Күзгі көші-қоны кезінде өңірдің су айдындарында мекендейтін құстардың бір парасы. Мамандардың айтуынша кей кездері аймаққа ұшып келетін қанаттылардың түрі 60-қа жетеді. Басым бөлігін аулауға ресми түрде рұқсат бар.
Арман Мұқатаев, облыстық орман шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:
- Құс тұмауының таралуына байланысты аңшылыққа шықпауға кеңес береміз. Облыста жабайы құстарды аулау кезеңі бір ай бұрын ашылды. Алғашқы күндері құс аулауға 500-ден астам жолдама берілген. Дегенмен бүгінгі таңда қанаттыларды аулағысы келетіндердің саны күрт азайды.
Инспекторлардың айтуныша тұрғындарға малдарды ашық су айдындарында суаруға тыйым салынған. Бұл ережені үй құстарын ұстаушылар да сақтауы керек. Себебі төрт түлік пен қанаттылар жабайы құстар тарататын түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін. Бұл – сақтық шаралардың бірі.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков