COVID-19: Ақтөбеде сақтық шаралары күшейтілді
Бұған дейін індетті жұқтырған 41 науқас стационарда ем алып жатыр. Оның төртеуі – реанимация бөлімінде. Мамандардың айтуынша, өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Емдеу мекемелері аурудың екінші толқынына дайын.
Коронавирус белең алып, жұрт жаппай ауырған кезде Ақтөбе медициналық орталығы толықтай провизорлық стационарға айналған еді. Сол кезде біраз қиындыққа тап болды. Дәрі мен оттегі таусылып, өкпені жасанды желдету аппараттары жетіспеді. Қиын жағдайдан әупірімдеп әрең шықты. Қазір қалыпты жұмысқа көшкен. «Енді аты жаман ауру қайта өршісе, оған төтеп беруге дайынбыз», – дейді.
Рүстем Исаев, медициналық орталықтың бас дәрігері:
– Реанимациялық бөлімнен 65 орын дайындалды. Өкпені жасанды желдету аппараттарының санын көбейттік. Екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры дайындалды. Антибиотиктің 12 түрін алдық. Бұған дейін орталықтағы оттегі қоры 6 тонна болатын. Жазда 8 тонналық екінші танкерді қойдық. Осылайша қазір оттегі қоры 14 тоннаға жетті. Дәрігерлер құрамы бірінші толқында тәжірибе жинақтады. Сондықтан техникалық және маман жағынан біз науқастарды қабылдауға дайынбыз.
Аймақтағы негізгі медициналық орталық кез келген жағдайға дайын дейік. Қалғаны ше? Қалғаны да қарекетсіз отырмағанын, қолдан келгенше қам жасағанын айтады. Жалпы облыс бойынша стационарларда 3600-ден астам науқасқа кереует дайындалған. Оның 401-і – ауыр халдегілер үшін. 155 мыңнан астам ПТР тест және 22 мыңдай эксперсс тест алынған. Зертханалардың тәулігіне мың 900 адамды тексеруге мүмкіндігі бар.
Бекболат Ізбасаров, денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
– Оттегіні қажет ететін науқастар үшін бізде төрт медициналық ұйымда оттегіні орталықтандырылған жүйемен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Бір медициналық ұйымда оттегі станциясын салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта 187 ИВЛ жеткізілуді күтіп отырмыз. Сонымен қатар бір компьютер томография, 13 ренген аппараты, 2 жылжымалы рентген аппаратын, 8 ултрадыбысты аппарат келуін күтіп отырмыз. Соңғы жеті ішінде репрадуктивті көрсеткіш бірден асқан жоқ. Бұл эпидемиялогиялық шаралардың күшейтілуін талап етпейді.
Жағдай тұрақты деп арқаны кеңге салу әлі ерте. Қалай болғанда да карантин талаптары қатаң сақталуы керек. Оны бақылайтын арнайы мобильді топ бар. Олар 5 шілде мен 2 казан аралығында ережені бұзғандарға қатысты 620 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 75 миллион 645 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Аурудың шеттен келуіне жол бермеу үшін шекарада сақтық күшейді. Бүгінде мұнда шетелден келгендерді карантинге жатқызатын үш стационар жұмыс істеп тұр. Оған коронавирусқа ПТР сынама тапсырмай, сырт елден келген отандастарымыз екі тәулікке жатқызылады. Ал ПТР сынамасының қорытындысы жоқ өзге ел азаматтары шекарадан мүлде кірмейді.
Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Болат Молдағалиев