Еліміздегі туристік компаниялар банкрот болуы мүмкін
Ірі курорттық орындардағы демалыс нысандардың көбі қаңырап бос тұр. Бұрын Алакөлдің шығысында 700 мыңға жуық турист демалатын болса, биыл жазда 20 мың адам ғана келген. Саланы тоқыраудан алып шығар жол қайсы?
Шығыста бұрын жолдама сатумен айналысатын 80-нен аса туристік компания болса, биыл тең жартысы банкротқа ұшырады. Пандемияға байланысты наурыздан бастап қатаң карантиндік ереже енгізілгендіктен, тур-агенттіктер жұмысын мамыр айына дейін тоқтатты. Тек маусым айынан бастап біртіндеп ішкі туристік орындарға жолдама сата бастаған. Бірақ оның өзі бұрынғыдай болмады.
Мария Русина, туристік агенттіктер қауымдастығының өкілі:
- Демалыс орындарын біресе ашты, біресе жапты. Одан соң ПТР тесттерді де бірсе енгзіді, біресе қажеті жоқ деді. Өте көп адам алдын ала алып қойған жолдамаларын қайтарып тастады. Оған қоса Алакөлге бұрын туристердің 40-50% Ресейден келетін. Биыл шекара жабық болды.
Шекара жабық болғанымен, ішкі демалыс нысандары маусымнан бастап ашылды. Тек 50% қана қабылдау міндеті жүктелді.
Айдынды Алакөл. Мұнда маусымнан қыркүйекке дейін демалыс орындарынан туристер үзілмейтін. Биылғы жағдай мүлде басқаша. Тек Алакөл емес, облыстағы басқа демалыс орындары да табыстан айтарлықтай қағылды. Осы салада 20 жылдай кәсіптен нәсіп тауып келе жатқан Александр Чиликин туризм бизенесін тек маусымдық табыс көзімен ғана өлшеуге болмайтынын айтады. Бұл салаға қаржы салған кәсіпкер жыл он екі ай жұмыс істейтіндей жоба жасауы тиіс. Оған қоса мемлекеттен субсидия берілген жөн деп санайды.
Александр Чиликин, туристік нысан директоры:
- Мәселен мемлекеттен берілген субсидияны біз алмауымыз керек. Ол қаржы жолдама ретінде әлеуметтік әлеуеті әлсіз азаматтарға беріледі. Олар сол жолдамамен бізге келеді. Мұндай тәжірибе Түркияда бұрынан бар. Көрші Ресей де енгізді. Бөлінген субсидия арқылы туристік сала дамыса, мемлекетке қаржы қайтады.
Қаржыны қайта қайтару үшін қазір мемлекет нақты туристік бағыттар анықталған жерлердің инфрақұрлымын жөндеп береді. Тек былтырдан бері Алакөл аумағын дамытуға 6 млрд теңге бөлінді. Кәсіпкерлерді қолдаудың да тізімі жасалып жатыр.
Марат Қабақов, облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:
- Енді кәсіпкерлерді қолдау бойынша қазір Үкіметте тізім шаралары қарастырылуда. Әлі оның нақты критерийлері бекітілген жоқ. Айту әлі ерте. Бірақ енгізілу қарастырылуда.
Ойластырылған жобалардың бірі «Ақниет» деп аталады. Ол бойынша туристік саладағы кәсіпкерлерге жылдық өсімі 8% аспайтын несие берілуі мүмкін.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин