«Хабар» көтерген мәселелер шешімін тапты
Кезінде мәселені біздің арна тілшілері көтерген еді. Жуырда осы жердің халқы көшеге асфальт төселіп, жарық шамдардың орнатылғанын айтып сүйінші сұрады.
Бұдан бөлек қала іргесінде жатқан «Нұр шуақ» шағын ауданында да ауызсу құбырының құрылысы басталды.
Қазығұрт шағын ауданындағы Талғар көшесі қазір адам танымастай өзгерген. Тұрғындар тақтайдай тегіс жолға дән риза. Ал былтыр бұл маңайдың тоз-тозы шығып жатқан болатын. Халықтың жан-айқайы жоғары жаққа жеткен соң, қаржы бөлініп, асфальт төселді. «Енді еш қымсынбастан, қалада тұрамыз деп айта аламыз», – дейді тұрғындар.
Абай Өтелов, қала тұрғыны:
- Жаңбырда, қарда жүрдік. Міне, айнадай етіп асфальт салып берді. Бұрын нашар еді. Аяқ-киіміміз лай болатын. Қазір тамаша. «Хабар» Агенттігіне рахмет айтамыз. Осы халықтың мұң-мұқтажын былтыр да келіп, тыңдап еді.
Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:
- Талғар көшесінде өткен жылы «Хабар» Агенттігі келіп, мәселені көрген болатын. Оған 25 млн теңге қаржысы бөлініп, Талғар көшесі толығымен асфальттау жұмыстары аяқталды. Ол жерде жаяу жүргінші жолы, су ағарлары бар. Осы секілді мәселелерді жасап жатырмыз.
Бұл көшеде жарық шамдар атымен жоқ болатын. Ата-аналар: «Кеш батқанда мектептен қайтатын ұл-қыздарымызға қиын еді», – дейді. Қазір жолмен бірге көше шамдары да ретке келтіріліпті.
Ал бұл – Солтүстік Саяжай тұрғын алабы. Жуырда атауы «Нұр шуақ» болып өзгерген мегаполис іргесіндегі елді мекен. Шағын аудандағы инфрақұрылым мәселелері туралы жаңалықтарымызда бірнеше рет айтқан едік. Мұндағы тұрғындар таза ауызсусыз күн кешіп келеді. Су таситын көліктер жауын-шашын кезінде ауызсу әкелуді доғарады. Өйткені жол жоқ.
Ал биыл көптен күткен таза ауызсу келіп жатыр. Қазір құрылыс жұмыстары басталған.
Зибагүл Қосуақ, қала тұрғыны:
- БАҚ өкілдеріне хабарласып, ауылымыздың мәселесін ортаға тастағанбыз. Содан бері шамалы болса да жылжу бар. Биыл екі трансформатор қойып, шаммен қамтамасыз етті. Ауызсуды да жылжытып берді. Суды да тендерден ұтыпты. Оның жобасы жүргізіліп жатыр.
Бұл елді мекеннің балалары көрші шағын аудандағы мектепке, кейбіреулері қала орталығына қатынап оқиды. Сондықтан білім ұясының жоқтығы өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Ал көгілдір отынды тартуға сметалық-жобалық құжаттары дайындалып жатыр. Қала іргесінде тұрса да, өркениеттен алыстап қалған тұрғындардың тілегі біреу. Ол – инфрақұрылымның толық тартылуы.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов