Ә. Бектаев: Сайлау көппартиялы Парламент жасақтауға мүмкіндік береді
«Ауыл» партиясының саяси науқанға қатысу-қатыспауы жақын арада өтетін партияішілік съезде белгілі болмақ. Партия өкілдері Мәжілістен орын бұйырса – агросектор мен ауылдың жайын толыққанды реформалауға ниетті. «Әсіресе шағын ауылшаруашылық өндірушілерін қолдауға басымдық береміз», – дейді.
Ал «Қазақстанның коммунистік халық» партиясы Мәжіліс сайлауына қатысады. «Халық коммунистері» фракциясының басшысы Айқын Қоңыровтың айтуынша, дәстүрлі идеологиялық тұғырнама қаз-қалпында сақталады. Әсіресе зейнетақы мен жалақы төлеу бойынша әлеуметтік әділдікті сақтау саясатына мән беріледі. Өйткені бұл экономикалық тұрақтылықты сақтап, қоғамдық теңдікке жол ашады.
«Ақ жол» Мәжіліс сайлауына қатысады. Партия төрағасы Азат Перуашев осылай деп мәлімдеді. Бұл жоспарлы сайлау болғандықтан оған дайындықпен келгендерін және нақты ұстанымдары бар екенін де айтты. Оның жай-жапсарын партияның құрылтай отырысынан соң жарияламақ. «Ақ жол» партиясы бұған дейін ұлттық мүдде, кәсіпкерлікті қолдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін қорғап келген
Әли Бектаев, «Ауыл» ХДП партиясының төрағасы:
– Сайлаудың осы ерекшеліктері көппартиялы Парламент жасақтауға мүмкіндік береді деген сенім бар. Ол үшін, әрине, сайлау кезінде, санақ кезінде, дауыс жинау кезінде әділдік пен тазалық керек. Оны да Президент өз тарапынан бақылауға алып, қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды деп отыр.
Айқын Қоңыров, ҚКХП төрағасы:
– «Қазақстан коммунистік халық» партиясының Орталық комитетінің саяси бюросы болады. Сол отырысында біз осы сайлау туралы барлық мәселені қараймыз. Біріншіден, ол жер туралы мәселе, екіншіден, ипотечниктер туралы. Менің ойымша, ең маңызды ол зейнетақы реформа туралы.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
– Негізінде кез келген саяси партия келесі сайлауға алдындағы, сайлау біткен соң бірден дайындыққа кірісуі керек деп білемін. Біздің де дайындығымыз 2016 жылдан бері басталды. Бұл дайындық дегеніміз біздің Парламенттегі және мәслихаттағы депутаттарымыздың жасаған жұмыстары.