Ертіс өңірінде карантин режимін бұзу деректері азаймай тұр
Ал ойын-сауық нысандарының иелері санитарлық талаптарды сақтамайды. Бүгінде карантин режимін күшейту аясында облыс орталығында күнбе-күн жеті мониторингтік топ жұмыс істейді.
Бүгін монитингтік топ өкілдері 11 ойын-сауық орталығы мен моншаларды тексерді. Мәселен, мына дәмханада карантиндік талаптардың ескерілмейтінін байқамау мүмкін емес. Тағам әзірлейтін мамандар бетперде мен қолғаптың не екенін ұмытқандай.
Антисептиктің ауыстырылмауы, бетперде кимеу, әлеуметтік ара қашықтықты сақтамау және адамдардың санын қадағаламау. Бұл жиі кездесетін заңбұзушылықтар. Ал мына тамақтану орнының иелері: «Әлі ашылған жоқпыз», – деп ақталды.
Соңғы бір аптаның ішінде карантин режимін бұзудың 49 дерегі тіркеліп, айыппұл салынды.
Ерболат Рахимғазин, мониторингтік топ өкілі:
– Заң бұзушылықтардың көбі аптаның соңғы үш күні анықталады. Кем дегенде 20 дерек тіркеледі. Кәсіпкерлердің ішінде түсіністік танытқысы келмейтіндер көп. Біз тексеріс жасаудан бұрын түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ал құлақ аспағандарға айыппұл салуға мәжбүрміз.
Карантин режиміне сәйкес моншалардың жұмысы кешкі 20:00-ге дейін тоқтатылуы тиіс. Мониторинг көрсеткендей, қонақ үй иелері дәмхана қожайындарына қарағанда жауаптырақ болып шықты.
Салтанат Рахимова, кәсіпкер:
– Санитарлық дәрігердің қаулысы бар емес пе? Монша мен сауна жұмыс істемейді. Айыппұл төлейтін жағдайымыз жоқ.
Кешкі 20:00-ден кейін кальян тартуға да рұқсат жоқ. Бірақ ережені аттағандар да табылды. Мониторингтік топ келген бойда дәмхана мамандары қорқорларды тез арада тығып үлгерді.
Мамандар тиісті материалдарды жинап, құқық қорғау органдарына жолдады. Нәтижесі бойынша әкімшілік іс қозғалып, кәсіпкерге 638 мың теңге айыппұл салынады.
Арман Қаптаев, облыстық ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы:
– Кәсіпкерлердің көбі: «Несиені жабу керек, сондықтан жұмысқа шықтық», – деп ақталады. Осылайша азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруде. Оларды түсінуге тырысамыз, әрине. Бірақ Заңның аты – Заң. Карантин режимінен бейхабар болғандар да бар.
Облыс орталығында бірнеше рет жауапқа тартылса да, заңбұзуды тоқтатпаған кәсіпкерлер бар. Бүгінгі күні мониторингтік топтың «қара» тізіміне осындай 15 ойын-сауық нысаны ілікті.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков