Орман Кодексі туристік саланы тығырыққа тіреді
Өйткені демалыс нысандары Мемлекеттік орман қорының аумағында салынған. Енді кәсіптерін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жоқ.
Ал былтыр өзгеріс енген жаңа Кодекс бойынша мемлекеттің ерекше қорғауындағы жерге ешқандай нысан салуға немесе арнайы рұқсатсыз ағаш сындыруға болмайды. Сондықтан кәсіпкерлер Заңға өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.
Аймақта бүгінде бірнеше ұлттық парк пен 10-нан аса орман шаруашылығы бар. Осы нулы-таулы, сулы аумақта туризмді дамытуға да қолайлы. Салада ерте кәсіп бастағандардың бірі – Александр Чиликин. Тау арасына демалыс нысандарын салып, жыл он екі ай турист тартудың жобасын жасаған. Шаңғы тебетіндерге арналған аспалы жол да салды. Алайда соңғы жылдары ол тығырыққа тіреліп отыр. Бар мәселе кәсіпкердің нысандары Мемлекеттік орман қоры аумағында салынған. Сондықтан инвестиция да тарта алмай отыр.
Александр Чиликин, кәсіпкер:
– Мен бұл жобаға 2 миллиардқа жуық теңге салдым. Маған осы саладағы түріктің және болгарлық кәсіпкерлер келді. Олар эко-туризмге өте қызықты. Бірге жұмыс істеу үшін қаржы құюға дайын екендерін айтты. Бірақ жер орман қорына тиесілі екенін білгенде, бірден теріс айналды.
Теріс айналатын себебі қазір нақты иесі жоқ жерге қаржы салуға ешбір шетелдік инвестор тәуекел етпейді. Ал былтыр өзгеріс енген жаңа Орман Кодексі бойынша ерекше қорғаудағы аумаққа қандай да бір нысан салуға болмайды. Орман қорынан жерді жалға алған кәсіпкерге өз бетімен санитарлық тазалық жасауға рұқсат жоқ. Есесіне шығыстағы жалпы орман қорының 44 процентінде құнды ағаштар өссе, қалған бөлігін шіріген көктерек жабады.
Облыстық Орман және ағаш өңдеу қауымдастығының директоры Виталий Чернецкий жер мәселесі бойынша бизнес өкілдері мен Үкімет өзара келісімге келу керек деп санайды. Мәселен, орман қоры аумағында туристік кәсіп ашқысы келетіндерге салалық министрлік кесілген ағаш үшін қаржылай өтемақыдан тыс дәл сондай аумаққа құнды көшет егіп, көгалдандыруға мүмкіндік беруді ұсынып отыр.
Виталий Чернецкий, облыстық Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының атқарушы директоры:
– Еліміз бойынша шығыстағы орман қоры бірінші орында. Сондықтан кәсіпкерлерге балама жер ұсынылуы керек. Жалға немесе иелігіне алған жердің көлеміндей аумаққа ағаш егіп, орман қорын көбейтуі керек.
Орман қорын осындай тәсілмен көбейтуге осы сала қызметкерлері де мүдделі. Сондықтан былтыр қабылданған жаңа Кодекстің 51-бабына тағы да өзгеріс енгізуді сұрап отыр.
Арман Есентаев, облыстық Табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:
– Осы мәселені талқыладық. Үкіметке, министрлікке тиісті ұсыныс жібердік. 51-бапқа осы тізімді кеңейту бойынша тиісті ұсыныс жібердік.
Жаңа Кодекстегі 51-бапта орман қоры аумағында ауыл-аймақ болса, оған инфрақұрылым тартуға ғана рұқсат етілген. Ал басқа мақсатқа пайдалануға мүлде болмайды.
Авторы: Олжас Керейхан