Ақтөбеде ұлы Абайға ескерткіш орнатылды
Сондай-ақ белгілі қаламгерлер мен ақын-жазушылар салтанатты жиынның куәгері болды.
Еліміздің батыс аймағындағы ірі шаһардың бірі Ақтөбеде бұрын қазақтың бас ақынының көлемді мүсіні болған емес. Биылғы Абайдың 175 жылдық мерейтойында бұл олқылықтың орны толды. Жергілікті мүсінші Жеңіс Жұбанқосовтың қолынан шыққан ғұламаның бейнесі қаланың қақ төрінен орын тапты.
Жеңіс Жұбанқосов, ескерткіштің авторы:
– Абай атамыздың Алматыда тұрған мүсінінің авторы – өзімнің мұғалімім. Оқып жүргеннен бастап өзім сол жұмысқа қызығатын едім. Мен де осындай Абай мүсінін Ақтөбеге қойсам ба деген арманыма жетіп отырмын. Ермеков Тоқтармен бірге Абай атамыздың бейнетұлғасын болашағымыз өссін деп, білімденсін деп өзінің терең ойымен келе жатқан бейнесін көрсеттік.
Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі 6 метрден астам. Алғашқы сұлбасы жасалған сәттен кешенді бейнені әзірлегенге дейін мүсіншілер жарты жылға жуық уақыт жұмсапты. Ақынның қолындағы ашулы кітабы білім мен ғылымды дәріптеп өткенін тағы бір мәрте еске салғандай.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
– Әлемге танымал бас ақынымыздың еңбегін халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттырады. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – баршамыздың міндетіміз.
Ғұламаның 175 жылдығына орай өңірде ұйымдастырылып жатқан түрлі деңгейдегі шаралардың дені биылғы ахуалға байланысты онлайн форматқа ауысқан. Бұл жайттың оңтайлы тұстары да бар. Себебі қызығушылық танытып, интернет арқылы қосыламын деген көрермендер санына ешқандай шектеу жоқ.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков