ШҚО-да күнбағыс майының бағасы 20% қымбаттады
Осы салаға жауапты мамандар бағаның бұлай бас бермей кетуін күнбағыс құнының өсуімен байланыстырады. Өңірдегі шаруалар майлы дақылдың бір тоннасын бүгінде 170-180 мың теңгеге дейін көтеріп жіберген. Шекілдеуік тіпті бұдан да жоғары бағамен басқа елдерге де экспортталып жатыр. Сондықтан май шығаратын зауыттар шарулардың ұсынған бағасына келісуге мәжбүр.
Өскеменнің өзінде ғана емес өзге өңірлерде өндірлеген майдың сұрпы мен түріне қарай бағасы екі есе өскен. Базардағы саудагерлердің айтуынша соңғы бір айда біртіндеп қымбаттаған. Еліміз бойынша күнбағыстың 90% шығыста өсіріліп өңделеді. Биылғы қуаңшылыққа қарамастан, аймақтағы аграрийлер 500 мың тоннадан аса өнім жинаған.
Владимир Гайламазян, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Биыл күнбағыстың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда әжептеуір көп. Яғни бүгінгі мәлімет бойынша 10-15% артық жиналды.
Артық жиналғанымен май шығарудың машақаты көп болып тұр. Бағаның өсуін Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары шикізат құнының өсуімен байланыстырады. Яғни шаруалар күнбағыстың бағасын 70% көтеріп жіберген.
Гасан Тұрғанбаев, Өскемен қалалық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жыл басынан бері күнбағыстың келісі 115-120 теңгеге сатылды. Ал дайын өнім ретінде өсімдік майының литрі 280-нен 330 теңгеге дейін саудаланды. Қазір шикізаттың келісі 160-тан 170 теңгеге жетті. Енді майдың бағасын өзіңіз есептей беріңіз.
Есептей келе шарулар биыл күнбағыстың бір тоннасын бастапқыда 140 мыңнан саудаласа, қазір тағы көтерген. Алексей Дель биыл 1,5 мың тонна күнбағыс жинаған. Шаруаның айтуынша бұл өткен жылдардағыдан 35% аз. Жинаған өнімі шығынын жабу үшін бағаны өсіруге мәжбүр болған.
Алексей Дель, шаруашылық жетекшісі:
- Жағармайдың литрі 187 теңге. Ал бір тонна күнбағысты сатқан қаржыға дәл сондай жағармай алу мүмкін бе? Бір литр майдың бағасы 500 теңге тұрады делік. Бізге 500 тонна дизель отыны қажет.
Осы саладағы сарапшылардың айтуынша, жанармай бағасының өсуі күнбағыстың қымбаттауына әсер етпейді. Тіпті май шығаратын зауыттар шикізат жетпейтіндіктен ЕАЭО-дағы елдерден қымбатқа тұқым сатып алуға мәжбүр. Бірақ осыған қарамастан бүгінде елде жиналған күнбағыстың 64% Қытай мен Өзбекстанға экспортталып отыр. Сондықтан май шығаратын зауыт өкілдері экспортқа кететін шикізатқа салынатын баж салығын өсіру керек деп санайды.
Татьяна Костина, май зауытының қаржы директоры:
- Мәселен, Ресейде сол елдің шаруалары майлы тұқымдарды экспортқа шығарса 7% дейін баж салығы бар. Барлық мемлекет өз нарығы мен шикізатын осылай қорғауы керек. Ал біз май өңдейтін зауыттарды салып, шикізат емес, дайын өнім экспорттасақ ұтамыз.
Экспорттан ұтпас бұрын халықтың қалтасын ішкі нарықтағы майдың бағасы қағып барады. Ол қазіргідей көтерілген қалпында қала ма жоқ па, тағы қосыла ма, әзірге ешкім нақты айта алмайды. Ал халықтың қаржысы базардағы бағаға тәуелді.
Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов