«Ауыл» партиясы: Жұқпалы дертке қарсы вакцина мемлекет есебінен сатып алынуы тиіс
Сонда ғана жұқпалы аурудан төрт-түліктің жаппай қырылуын тоқтатуға болады. Бұл бастама Ақтөбе облысында өткен «Ауыл» ХДПП көшпелі саяси кеңесінде талқыланды. Партия өкілдерінің айтуынша, сонда тұтынушыларды сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетел нарығына экспорттау мүмкіндігі артады.
Мыңға жуық ірі-қарасы бар бұл шаруа қожалығы асыл тұқымды сиыр өсіруді қолға алған. Өрісте сүтті және етті жануарды қатар бағады. Сондықтан жыл сайын миллиондаған қаражат жұмсап, түрлі аурудың алдын алуға вакцина сатып алуға мәжбүр. «Мемлекеттік қолдау болса, мал басын көбейтуге қосымша мүмкіндік болар еді», – дейді шаруа қожалығының иелері.
Александр Немочинов, шаруа қожалығының басқарушысы:
- Мәселен биыл тек төлдейтін аналық сиырлардың өзіне вакцина алуға 900 мың теңге жұмсадық. Әрбіреуі мың теңгеден. Бұл – тек бір аурудың ғана алдын алуға кеткен қаражат. Егер мемлекет тарапынан екпе науқанын жүргізуге қолдау болса, шаруа қожалықтарының дамуы қарқын алар еді.
Шағын шаруа қожалықтары төлдейтін малға қосымша екпе алуды айтпағанда, қатері қасында жүретін сарп аурының вакцинасын сатып алуға да қауқарсыз келеді. Сондықтан «Ауыл» ХДПП өкілдері бұл мәселені тиісті министрлік өкілдеріне жеткізетіндігін айтты.
Оразбек Далмағамбетов, «Ауыл» ХДПП Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы:
- Бұрын бруцеллез жұқтырған кезде барлығына Үкімет арқылы вакцина берілетін еді. Қазір ондай жасалмайды. Ал бруцеллезге қарсы вакцинаны бір шаруа қожалығы жасап, екіншісі жасамайтын болса, бұл малмен де, шөппен де, аспен де келетін ауру бәрібір де жұғады. Сондықтан барлығы ауруы мүмкін. Үкімет қаражат шығарып, тек Ақтөбе облысы ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша малға вакцина берілуі керек.
Мемлекеттік қолдаудан үмітті шаруа қожалықтарының тағы бір бас қатырған мәселесі – асыл тұқымды төрт-түлікті субсидиялау. Заң талаптарына сәйкес қаржылай демеу тек жоғарғы санатты бұқалары болғанда ғана көрсетіледі. Алайда «герефорд» сиырын өсіріп, бұл шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламаның игілігінен қағылып отыр. Себебі қажетті малды жеткізуге шекарадағы тосқауыл кедергі. Төрт жыл бұрын нодульді дерматит дертінің салдарынан Ресейден мал тасымалы тоқтатылған болатын. Бұл мәселені де «Ауыл» партиясының өкілдері назарда ұстайтындығын жеткізді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков