Миграция мәселесіне мән беріледі
Тек биылдың өзінде 20 мыңнан астам отандасымыз шетелге қоныс аударған. Дәл осынша адам Қазақстанға көшіп келген. Жалпы соңғы уақытта миграция әдеттегі құбылысқа айналғандай. Азаматтығын ауыстырған әр азаматтың өз көздегені, жоспары, мүддесі бар. Ал еліміз одан ұта ма, әлде ұтыла ма?
Экономика, саясат, мәдениет, білім, экология, адамның қартаюы, отбасылы болуы, жақсы ұсыныс тізе берсең көп-ақ. Мұның әрқайсысы адамдардың ел ішінде және елден тыс аумаққа көшуіне түрткі болатын бір-бір себеп. Әр мемлекет оны өзінше қадағалап, тиісті құжаттарды рәсімдеп отырады. Мұндай қызмет бізде де бар.
Соңғы үш жылға талдау жасасақ. 2018-де 45 мың адам көшіпті. 2019 жылы олардың қатары 52 мыңға жеткен. Биыл бұл сан екі жарым есеге азайған.
Ілесбек Айдашов, Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы:
– Көбі Ресейге кетеді. Одан кейінгісі Польша, Германияға кетеді. Және АҚШ тұр осыдан кейінгі қатарда.
Елдер тізімі осылай жалғаса береді. Мәселен, Вячеслав Хегай Кореяға Қазақстаннан көшіп барған. Тараз қаласының тумасы – 33 жаста. Қазір Инчон қаласындағы түсқағаз өндіретін кәсіпорында жұмыс істейді.
Вячеслав Хегай, Инчон қаласының тұрғыны /Корея/:
– Таразда жұмыс істеп жүргенде бастықпен арада түсініспеушілік болды. Ашуға булығып, қайдан пайда болғанын білмеймін Кореяға көшемін деп шештім. Қазір қызметім, табысым бар. «Осында тұрақты түрде қаласың ба?» деп сұрағандарға бірден жауап қатуға қиналамын. Өйткені туған жерімді ұмыта алмаймын. Үнемі есіме алып отырамын.
Тағы бір мән беретін нәрсе сыртқа қоныс аударғандардың әр үшіншісінің жоғары білімі бар. Ал 25 проценті – жастар.
Әлібек Тәжібаев, Сараптамалық зерттеу орталығының директоры:
– Сыртта жүрген студенттер арасында сауалнама жүргіздік. Олардың 40 проценті сонда қалғысы келетінін айтады. Ондағы ойлары – өмір сүру үшін емес, екінші білім алу, бір мамандықты игеру. Сол мақсаты орындалған соң елге оралуды қалайды.
Шетелде білімін жетілдіріп, туған жерге оралуды мақсат тұтқан жастардың бірі – Ерболат Хасанов. Оның Оңтүстік Шығыс Азия елінде алған білімі бүгінде тұтас елге пайдасын тигізуде. Білімі мен білігі артқан азамат әріптестерімен ақылдаса отырып, бірегей сөзтаным жүйесін жасап шығарған. Яғни, ауызша айтылған ойды, табан астында қағазға түсіретін тәсіл. Ол гаждет арқылы жүзеге асырылады.
Заңгер Қанат Қасым: «Жұрттың бәрі жаппай сыртқа кетіп жатыр деген түсініктен арылу керек», – дейді. Өйткені өзге елдерден Қазақстанға келіп, нәпақа тауып жүргендер де аз емес. Ондай шетелдіктер көбейіп кеткендіктен, Еңбек мигранттарына мемлекет тарапынан берілетін квота саны қысқартылғаны да белгілі.
Қанат Қасым, заңгер:
– Мұнай саласында батыс елдері еуропалықтар жүр, құрылыста Пәкістан, Түркия елінің азаматтары көп. Жалпы шетелдіктерге берілетін квотаны қысқартудың мәні – ішкі еңбек нарығын қорғау. Яғни өндіріс басқа да саладағы белгілі қызметтерді өз азаматтарымыз атқара алатын деңгейге жеттік.
Биыл қазақ еліне түбегейлі қоныс аударғандар саны да жиырма мыңға жуықтаған. Яғни тепе-теңдік сақталып отыр. Олардың басым бөлігі – Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркменстан, Қырғызстан мен Моңғолиядан келген.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Владислав Цой, Аманжол Байғазин