БҚО-да І топтағы мүгедектердің жеке күтушілеріне неге әртүрлі төлемақы төленеді?
Кембағал жандар төлемнің әркімге әрқалай төленетініне ренжулі. Әрі оның мөлшерін қайта қарауды талап етуде.
Жаңақала ауданында тұратын Салауат Жағыпаров ұзақ жылдан бері созылмалы бүйрек дертімен ауырады. Аптасына 3 рет Оралдағы гемодиализ орталығына барып, ем алады. Ауыл мен қаланың арасы 3-4 сағаттық жер. Жиі-жиі жолға шығу мүгедекке оңай емес. Оның үстіне қан қысымының құбылатыны тағы бар. Науқастың жеке күтушісі әрдайым қасында жүреді. «Алайда оған лайықты мөлшерде төлемақы берілмей келеді», – деп қынжылады кембағал жан.
Салауат Жағыпаров, І топтағы мүгедек:
– Менің күтушім – өзімнің жұбайым. Өнебойы қасымда болуы керек. Қан қысымы көтерілгені ештеңе емес, арасында түсіп кетеді. Сол қиын болады. Есімді жоғалтып аламын. Күтушімнің алатыны – 39 мың. Күтушімнің ақшасын көбейтсін дегім келеді. Біреулерге 60 мың береді, біреуіне 87 мың береді, біреуіне 30 мың береді. Ол әділдікке жатпайды.
Жауапты басқарма маманы біріншіден, төлемақы тек мүгедекті жетелеп жүру үшін ғана тағайындалғанын айтты. Екіншіден, төлем әркімге әрқалай берілуі заңды екенін жеткізді. Егер кембағал жан білім алатын немесе жұмыс істейтін болса, жеке көмекшісіне күніне 8 сағат еңбек уақыты жазылады.
Миргүл Құрманбаева, БҚО Әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
– Ал егерде ол мүгедек адам тек жұмасына 2 рет, 3 рет емханаға барып жүрсе, оған тек 4 сағат төленеді немесе 3 сағат төленеді. Яғни қаржысы барған күніне есептеледі.
Келер жылдан бастап арнайы әлеуметтік қызмет порталында жаңа қызмет ұсынылады. Енді мүгедектердің көмекшілері күнделікті еңбек уақытына қатысты акт толтыруы тиіс. Демек, портал арқылы алдағы жылы төлемақы жүйесі оңтайландырылады. Онлайн қызмет жеке күтушілердің еңбек уақытын нақты есептеуге мүмкіндік береді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов