Оралдағы тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді
Зачаганск кентінде салынған баспаналардың кейбірі сын көтермейді. Былтыр тапсырылған тұрғын үйлердің іргетасы жарыла бастады. Ал балкондардың барлығынан жауынды күндері су кетеді. Себебі талапқа сай орнатылмаған. Оның үстіне баспанада суағарлар болмаған соң, тұрғындар өздері қойып алыпты. Пәтерлерде жылыту жүйесінің есептегіш құралы әлі қосылмаған. Коммуналдық қызмет ақысы әр шаршы метрге қарай есептеледі. Арнайы мониторингтік топ құзырлы орган өкілдерімен бірге мән-жайды саралады. 30 шақты тұрғын үйден 40-қа жуық кемшілік анықталған.
Айсұлу Сағитова, қала тұрғыны:
- Бұл үй бір жыл бұрын пайдалануға берілді. Алайда ғимарат сыр бере бастады. Іргесінде жарықтар пайда болды. Біз шағым білдірдік. Әзірге ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.
Біржан Хайруллин, БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
- Қабырғаның жарылу мәселелері болады. Әсіресе үлкен бөлмелерде, балконға шығатын жақта ондай орындар бар. Жүргізілген әрбір мониторинг бойынша қалалық құрылыс бөліміне кепілдік аясында анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар жолдадық.