Өскемендегі 25-ші ықшам аудан тұрғындары 30 жыл бойы сусыз, жарықсыз, жолсыз күн кешіп отыр
Өскеменнің дәл іргесіндегі 25-ші ықшам аудан тұрғындары отыз жыл бойы осындай жағдайда өмір сүріп келеді. Ондағы жұрт: «Облыс орталығына тиіп тұрған ауданның инфрақұрылымына ешкім назар аударар емес», – деп налиды. Тіпті кейбірі: «Әкім-қаралардың түрін де білмейміз», – деп ашынып отыр.
Хаби Хасеновтың осы жақта тұрып жатқанынан 7 жылдан асыпты. Ауру меңдеген зейнеткер қалаға жақын болғаным дұрыс-ау деп Қатонқарағайдан көшіп келген екен. Алайда бұндағы күні ауылдағыдан да қараң боларын білсін бе? Тек қана жол шетіндегі дәмханадан электр желісін тартып, ауласынан құдық қазып алу үшін бір миллион теңгеге жуық шығындалған. Өзге амалы да болмаған.
Хаби Хасенов, шағынаудан тұрғыны:
– Су да жоқ,свет те жоқ, түк жоқ. Трансформатордан жалғау үшін үш жүз мың теңге ақша сұрады. Мынаған 3 жүз мың кетті, құр кабельдің өзіне 250 мың кетті. Біз әкімді танымаймыз да, ешкім келмейді мында.
Ермек Ордабаев, шағынаудан тұрғыны:
– Бұл жақта ұялы телефон байланысы да өте нашар. Ғаламтор ұстамайды. Жедел жәрдем көлігін жолға шығып, күтіп аламыз. Оларды үйге жеткізу үшін өзіміз жанталасамыз.
Шулаған жұртты қинаған ең басты үш жоқ ол – элекр жарығы, ауыз су және жол. Жазда су құбырын тарту жұмыстары басталғанда тұрғындар: «Ақыры өркенниеттің шетін көрдік-ау», – деп қуаныпты. Алайда ол шаруа сол беті аяқталмаған. Қазір аядай ауданның ішінде аяқты аңдап баспасаңыз , шұңқырға түсіп кетуіңіз мүмкін. Құбыр төселетін траншеяның ашық жатқанына бірнеше күн болыпты. Енді үйлері арғы жақта қалғандар қалай жетерін білмей дал.
Оны қазған мердігер компания өкілдері де бұл жерге асыға жетіп: «Олқылықты бүгін оңалтамыз», – деп уәде берді.
Дәулет Ерболұлы, мердігер компания өкілі:
– Қазылған жолдар ары кетсе бір апта болды, материал кешігіп осылай болып қалды, кешке дейін жауып береміз.
Тұрғындардың сөзінше, түтін аз болған соң ауданға көңіл бөлінбей жатыр. Алайда инфрақұрылымнан жұрдай жерде ешкімнің тұрақтағысы жоқ.
Эльмира Ахметова тілші:
– 25-ші ықшам ауданда осылай бос тұрған үйлерді көп кездестіруге болады. Өйткені осы жаққа көшіп келейін деген тұрғындарды ауыз судың, жолдың, электр жарығының жоқтығы шошытады. Сондықтан үйді салып бастап, орта жолда тастап қашан коммуналдық қажеттіліктердің барлығы болар екен деп күтіп жүрген жұрт көп.
Қалалық құрылыс бөліміндегі мамандар аталған ауданда тұрғын үй коммуналдық мәселесі тек келесі жылдан бастап шешіле бастайды дегенді айтты. Қаражаттың да, жоспардың да ыңғайы солай екен.
Мерей Әкімжанов, қалалық Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
– Келесі жылға су құбырын толық бітіру жоспарда тұр, одан соң электр энергиясын бастау жоспарда тұр, сондықтан 25-ші ықшам аудан бізде перспективный район болғандықтан ұмытылған жоқ. Өскемен қаласының ең жақын ықшам ауданы болғандықтан, инженерлік сетке жақын болған соң ол район ұмытылмайды.
Әзірге тұрғындар электр жарығымен де, жолмен де, ауыз сумен де өздерін өздері қамтуға мәжбүр.Тек бұл мәжбүрлік тағы бірнеше жылға созылмаса игі деген үмітте.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов