Павлодарда тосқауыл бекеттерде автоматты тепловизорлық жүйе іске қосылды
Ал мәліметтер ортақ базаға тіркеледі. Бұл – облыс орталығынан 10 шақырымдық жерде орналасқан блок бекет. Тәулігіне шамамен үш мыңнан астам көлік өтеді. Тепловизорлық жүйе мұнда кезекшілік ететін мамандардың жұмысын біршама жеңілдетпек.
Ақмарал Есімханова, тілші:
– Бұдан былай облыстың тосқауыл бекеттерінен өту үшін дәрігерлермен тікелей байланысқа түсудің қажеті жоқ. Дене температурасын білу үшін қолыңызда жеке куәлік болса болғаны. Жеке куәлікті осы жерге қоямыз. Егер дене қызуы жоғары болса, автоматты түрде дыбыстық дабыл естіледі. Дыбыстық дабыл болған жоқ, демек менің дене температурам нормаға сәйкес.
Тепловизорлық жүйеге арналған бағдарламаны жергілікті IT мамандар әзірлеген. Бұл құрылғы өңірде алғаш рет қолданысқа еніп отыр. Оның көмегімен вирустық ауруға шалдыққандарды тез анықтауға болады.
Сергей Голышев, жобаны әзірлеген компанияның жетекшісі:
– Енді мамандар бөлек ғимаратта отырады. Әрдайым далада жүрмейді. Үрдісті қашықтықтан бақылайды. Тепловизорлық бейнекамера арқылы адамның дене температурасын әп-сәтте анықтайды.
Артықшылығы сол, бұл жерге кірген әр адамның жеке мәліметтері тез оқылады. Кейін бірыңғай базаға енгізіліп, тіркеледі. Осылайша ақпарат ашық әрі қолжетімді болады.
Сергей Голышев, жобаны әзірлеген компанияның жетекшісі:
– Құрал дене температурасы туралы ақпаратты нақты көрсетеді. Ал ультрадыбыстық сканерлер 1-2 градусқа қателесуі мүмкін. Оған қоса үрдіс толық автоматтандырылған. Дәрігерлер мен адамдардың арасындағы тікелей қатынас болмайды. Яғни мамандардың ауру жұқтырып алуына жол бермейді.
Бұл жаңа жүйе емес. Бүгінде аймақтағы ірі өндіріс ошақтарында жұмыс істеп тұр. Ал тосқауыл бекеттеріне алғаш рет орнатылды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат