Оралда көлік жүргізу куәлігін алу қиындап кетті
Себебі кейбір сынақ тапсырушылар қызмет сапасынан кемшіліктер байқаған көрінеді. Десе де емтихан нәтижесі ең бірінші әр адамның білім-қабілетіне, дайындығына байланысты, әрине.
Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына қатысты тұрғындар шағымы көбейді. Автодромға емтихан тапсыруға күніне жүзден астам адам келеді. Алайда олардың көбісі сынақтан сүрінеді екен. Әрине, емтихан нәтижесі ең алдымен әркімнің өз қарым-қабілетіне байланысты. Дегенмен сынақ тапсырушылардың кейбірі жүйеде кемшілік барын алға тартып отыр.
Тілеген Төлешев, Орал қаласының тұрғыны:
– Біз автодромдағы датчиктерді жиектастардың үстіне немесе жанай орналастыруды сұрадық. Сынақ тапсырушылар жолдың қиылысында көлікті жиектасқа соқтырып алмай, тек жақын өтсе болды, 20 айып балы қосылады. Біріншіден, жүргізуші көлікті соқтырып алса ғана кінәлі болу керек қой. Екіншіден, бұған берілетін айып балының мөлшері көп деп ойлаймын.
Емтиханда әрбір қателікке айып балы қосылып отырады. Оның барлығын компьютер есептейді. Егер теріс көрсеткіш 100 балдан асып кетсе, жүргізу куәлігі берілмейді.
Асылжан Сармалаев, мамандандырылған ХҚКО маманы:
– Ремень тағу керек. Оған қанша балл беріледі? Ремень тақпаған жағдайда 5 балл беріледі. Пешеход, оған 1 метр жетпей тоқтау керек. 1 метр болмаған жағдайда, сәл алыстау болса, мысалы, 5 балл береді. Егер одан алыстау тоқтаса 25 балл беріледі. Егер тақалып кететін болса, линияға тағы 25 балл беріледі.
Сынақ тапсырушылар бағалау жүйесін оңтайландыруды сұрайды. Облыстық Қоғамдық кеңес салаға мониторинг жүргізіп, бірқатар кемшілік барын анықтады.
Біржан Кұқаев, БҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі:
– Оралда емтиханалды даярлық мүлде ескерілмеген. Бұл – бір. Екіншіден, автомектеп түлектеріне емтиханнан өту мүмкіндігі шектеусіз, ал өздігінен үйренген азаматтар үшін мүмкіндік 3 реттен аспайды. Үшіншіден, брон мәселесі бойынша тұрғындардан аз шағым түскен жоқ. Басым көпшілігі орынды. Мониторинг барысында жүйеде ақау барына өзіміз де көз жеткіздік. Төртіншіден, автоматтандырылған жаттығу алаңының қаншалықты талапқа сай екендігіне нақты көз жеткізу керек.
Бұған қоса, автодромның істен шығуы жиілеп кеткен. Салдарынан сынақ тапсырушылар сағаттап кезекте тұруға мәжбүр.
Луиза Құсайынова, мамандандырылған ХҚКО бөлім басшысы
– Сынақ тапсырушылардың 80 пайызы «Б» санаты бойынша автоматтандырылған көлікті таңдайды. Автодромда 2 көлік болатын. Бүгін автоматты басқарылатын 1 көлік әкелінді. Енді қажетті құрылғыларды орнатып, пайдалануға береміз. Сонда мәселе жойылады деп ойлаймын.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
– Жүйені жаңарту жан-жақты сараптауды қажет ететін мәселе. Жүргізу куәлігін алу тәртібін тым жеңілдетіп, көрінгеннің бәріне ұстатуға да, сандық жүйеге сеніп, тәжірибелерді тұсауға да болмайды. Алғашқы әдіс жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне, кейінгісі парақорлыққа жетелеуі мүмкін. Сондықтан Қоғамдық кеңес әлі де терең талдау жүргізіп, құзырлы мекемелерге тиісті ұсынымдар жолдамақ.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов