Қызылорда облысы ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 12% өсті
Бұл мақсатқа 28 млрд теңге қарастырылған. 2030 жылға дейін бағдарлама қабылданып, 55 балық аулау фермасы іске қосылмақ. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова халыққа есебі барысында ішкі нарыққа қажетті өнімдерді өндіретін шағын өндіріс ошақтарының көбейіп келе жатқандығын айтты.
Пандемия қалыпты тіршілікке өзгеріс енгізді. Сөзін осылай бастаған Қызылорда облысының әкімі қысыл-таяңға қарамастан, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермегенін айтады. Керісінше өсім бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты шамамен 12% өсіпті. Дерекке дәлел болсын, өңірден алғаш рет Ресейге мұздатылған көкөніс пен жаңа піскен қызанақ жөнелтілген.
Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
- Германияға алғашқы 420 тонна қамыс жіберілді. Жалпы биыл әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды. Күріш өсірушілеріміз гектарына 61,8 центнер өнімнен 550 мың тоннадан астам күріш жинап, тағы да жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Күріш дегенде дақылдың өзегін талдырмайтын су еске түседі. Биыл бұл іске қатысты мәселені азайту үшін көлемі 2,3 млрд текше метрге тең келетін алты су қоймасы салынбақ. Мұның сыртында жайылымдық жерді суару ісіне де басымдық берілгенін айта кеткен жөн.
Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
- Негізгі міндет – жайылымдық шаруашылықта пайдалануға болатын жайылымдардың тиімділігін арттыру. Ол үшін пайдаланылмаған жайылымдардағы 452 су көзін жөндеуді жоспарладық. Бұл үшін шамамен 7 млн гектар жерді пайдаланамыз.
Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басым бағыттың бірі. Бұл ретте биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 38,9 млрд теңгеге 277 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде 9,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Аймақ басшысы экпидемологиялық ахуалға да тоқталды. Коронавирустың екінші толқыны бола қалса, 3200 орындық 21 стационар әзірленеді. Бұдан бөлек, 200 науқасқа арналған инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. «Дәрі-дәрмек те, мамандар да жеткілікті», – деді облыс әкімі.
Авторы: Бірлік Берікұлы