Хабар телеарнасы

БҚО коронавирус инфекциясының таралу қаупі жағынан «сары аймақтар» қатарына енді

Еркебұлан Смадияров, тілші:

– Иә, біздің облыс «сары аймақтар» тізіміне кіргенімен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Мамандар осылай дейді. Қазір Оралдағы қоғамдық көліктерде санитарлық талаптар сақталады деу қиын. 35 бағытта жүретін 400-ден астам автобус бар. Алайда шектеу шараларына сәйкес техникалар жүзге дейін қысқартылған. Жолаушылар автобустағы орын санынан аспауы тиіс болғанымен, мұны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бұған қоса, кейбір жолаушылар медициналық бетпердені тақпайтынын байқадық.

Сауалнама:

– Ең вирус таралатын жер автобустың ішінде ғой, халыққа таралады. Адамдар маска кигенімен мұрындарын толық жаппайды. Көбі маскасыз жүреді.

– Балаға да қорқынышты зиян болатындығы.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

– Өткен аптада мониторингтік топ автобустарға рейд жүргізді. Алайда мамандар ешқандай олқылық анықталмағанын айтады. Ал кәсіпкерлік нысандарының жұмысы мен түнгі көлік қозғалысына қатысты тәртіп бұзушылық көбейген.

Саягүл Насырова, БҚО Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Мониторингтік топ 790 рейдтік шараға шығып, 6729 нысанға барды. Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексі бойынша 145 хатта толтырылды. Көпшілік іс-шаралар бойынша 59 дерек тіркелді. Маска режимінің сақталмауына қатысты – 45, түнгі көлік қозғалысына қатысты 29 дерек анықталды. Сонымен қатар кәсіпкерлік нысандарының кейбірі жұмыс кестесін сақтамаған.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

– Облыста 8 мыңға жуық адам қатерлі індеттің ілмегіне іліккен. Соның ішінде қараша айында сырқаттанғандар саны 700-ден асады. 2 апта бұрын күшейтілген карантин режимі дәл бүгіннен бастап қайта жеңілдетілді. Санитар мамандар тұрғындарды бейқамдыққа салынбай, сақтанып жүруге шақырады.