Junior Eurovision 2020: Роза Рымбаева Қарақат Башановамен кездесті
Ел намысын қорғайтын Қарақат Башанова қазір вокалдан сабақ алып, актерлік шеберлігін де шыңдап жатыр. Сахна саңлақтарымен кездесіп, олардың батасын алды.
Жас әнші Қарақат Башанованың Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаевамен алғаш кездесуі екен. Роза Қуанышқызы әншіліктен бөлек, студенттерге сабақ та береді. Екеуара жүздесуде қазақ эстрадасының жұлдызы ән өнеріне жаңадан қадам басқан бүлдіршінге шеберлік сабағын өткізді.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
- Маған дауысының тембры ұнайды. Өзі скрипкада ойнайды, музыкант. Сондықтан орындайтын шығармалары музыкант ретінде жоғары болатынына сенемін. Бұл байқауға барып, қатысып келудің өзі мектеп, үлкен тәжірибе. Сондықтан Қарақат қызымыз ең жоғарғы деңгейде өзінің өнерін көрсетеді деп сенемін.
Кезінде «Жас қанатта» топ жарған Мадинаның да тәжірибесі мол. Олар сахналық келбет, көрермен алдында өзін-өзі ұстау мәнерін талқылады. Мадина Сәдуақасова Қарақаттың әні өте жақсы шыққанын, тыңдарманның жүрегінен орын алатынын атап өтті.
Мадина Сәдуақасова, әнші:
- Достар, құрметті көрермен, ән сүйер қауым! Қарашаның 29-ы Қарақат үлкен додаға Junior Evrovision 2020 сайысына түскелі тұр. Бізден не керек? Қолдау және де дауыс беру керек. Дауыс беріп, біздің қызымызды қолдайық. Қазақстан алға!
Қарақат халықаралық дода алдындағы кездесулерден көп нәрсені көңіліне түйіп, рухтанып қалғанын айтады.
Қарақат Башанова, Ұлттық іріктеудің жеңімпазы:
- Мен Мұрат Құсайыновпен, Роза Рымбаева, Мадина Садуақасовамен кездестім. Ол кісілер өзінің тәжірибелерімен бөлісті. Әнді қалай айту керек, өзіңе қалай көмектесу керек және де ең бастысы көрерменге жеткізу керек екенін айтты. Өте қызық болды.
Байқаудың гранд-финалы 29 қараша күні онлайн форматта телекөпір арқылы өтеді. Еуропалық хабар тарату одағы пандемияға байланысты осындай шешім қабылдады. Демек, әр елдің қатысушысы өз елінің сахнасында ән шырқайды. Одақ мүшелері сахналарды бірдей етіп әрлеуге келісті. Жеңімпаз қазылар алқасының және көрерменнің онлайн дауыс беруі арқылы анықталады. Ендеше Қарақатты қолдап, дауыс беруден аянып қалмайық.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Әбен Нарымбаев