Ақтөбе тау боп үйілген қоқыстың астында қалды
Тұрғындар «Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі төнген сәтте тұрмыстық қалдықтың шашылып жатқаны дерттің үдеуіне себеп болуы мүмкін», – деп алаңдайды.
Қоқысқа көмілген бұл контейнерлер кем дегенде 2 апта бойы тазаланбаған. Жәшіктердің аузы-мұрнына дейін толғаны сонша тұрғындар күнделікті шығып жатқан тұрмыстық қалдықты қасына үюге мәжбүр. Күн суытып, аяз болғанымен қолқаны алатын қолаңса иістен бас айналады.
Татьяна Стадник, қала тұрғыны:
– Бұған дейін бірнеше рет коммуналдық қызметтерге арыздандық. Сонда ғана тазалауға кіріседі. Кейде тіпті ауламызда аяқ алып жүруге мүмкін болмай кетеді. Үйілген қоқысқа бұралқы ит-мысықтар да жиналады. Коммуналдық қызметтер тек арызданғаннан кейін ғана тазалайды.
Жағдайдың ушығып тұрғандығын коммуналдық қызмет өкілдері де мойындап отыр. Олардың айтуынша, тұрмыстық қалдықты дер кезінде қоқыс полигонына жеткізетін жұмыс қолы тапшы. Қосымша арнаулы көлік алынғанымен, жүргізушілердің жоқтығынан техника қаңтарылып тұрады. Қазір Ақтөбе көшелеріне бір компанияның өзі күніне 35 жүк көлігіне дейін шығарып жүр.
Эльмира Тәңірбергенова, Коммуналдық мекеме директорының орынбасары:
– Тұрғындар қоқыс орнына құрылыс материалы қалдықтарын да, ескі жиһазды да қалдырып кетеді. Тау болып үйіліп жататындығы да сондықтан. Тұрмыстық қалдықтардың құрамы да өзгеруде. Бұрын тек азық-түліктің қалдығы болса, қазір түрлі қораптар көп. Қоқыс алаңы мен жәшіктерінің де аздығынан қоқыс сыртында шашылып жатады.
Қаладағы қоқыс жәшіктерінің аздығы расында да қордаланған мәселе. Еліміздегі төртінші агломерация болуы тиіс Ақтөбеде тек 400-ге жуық арнайы алаңқай бекітілген. Жәшіктердің саны 3 мыңның шамасында.
Бауыржан Алдияров, ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:
– Қазір жаңа қоқыс орындарын жасап, қажетті жәшіктерді орнату бойынша жұмыстар атқарылуда. 600-ден астам жаңа жәшікке тапсырыс берілді. 140-ын орнаттық. Бірақ контейнерлер әлі де болса аздық етеді.
Қоқыс шығаруға жұмылдырылған жұмысшылардың аз екендігін қала билігі де мойындап отыр. 500 мыңнан астам тұрғыны бар Ақтөбеге тек 3 мердігер мекеме қызмет етуде. Халық саны күн санап артып келе жатқандықтан жергілікті әкімдік келер жылы тағы бір компанияны іске қосуды көздейді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков