Жезқазған қаласындағы екі қабатты үйдің қабырғасы сөгіліп жатыр
Ал техникалық сараптама жүргізген мамандар: «Ескі үй қайта жөндеуге келеді», – деп отыр. Бірақ ол жұмыс енді кімнің есебінен жүргізіледі? Үй қабырғасының жарылуына не себеп болды?
Тұрғындардың айтуынша, алты пәтердің арасында ең көп зақымданған мына 4 бөлмелі баспана екен. Қазір қабырғадағы жарықтың көлемі шамамен 5 сантиметрге жеткен.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
– Көріп тұрғандарыңыздай, мына пәтердің қабырғасы күннен-күнге сөгіліп жатыр. Іргетасы шөккен соң тіпті едені де қисайып кеткен. Апатты үйде тұру қауіпті болған соң қожайындары қоныс аударуға мәжбүр болыпты.
Ал Антонина Сурусинаның пәтерінде алғашқы жарық пайда болғанда мамандар арнайы белгі қойып кеткен. Алайда санаулы күннің ішінде барлық бөлменің қабырғасы қақырай бастапты.
Мамандардың айтуынша, үйдің жертөлесіне су сырттан келеді екен. Сол маңда жерасты құбыры тесілген болуы мүмкін. «Қанша сорғанмен қайтадан көлкіп кетеді», – дейді тұрғындар. Іргетасы сыз тартқан соң қабырға да сыр берген.
Нұрбала Махметова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
– Подвалға су толған соң почва кетеді ғой. Өткенде қазу жұмыстары жүргізілді, трубаларды айырбастады. Жан-жақтан қазғанда содан почвасы кетті деп ойлаймын мен.
Қауіптенген тұрғандар ақша жинап, жуырда техникалық сараптамаға тапсырыс берген. Бір қызығы, олар үй жөндеуге келеді деген қорытынды шығарып отыр. Енді ол жұмыс тұрғындардың есебінен атқарылуы тиіс.
Алиса Сағымбаева, қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
– Ай сайын қабырғаларға біз маяк қойып, анықтап отырдық. Осы күнде техникалық зерттеу өтті. Техникалық зерттеу бойынша бұл үйді күрделі жөндеумен қалпына келтіруге болады деген қорытындыны біз бүгін алдық. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңына сәйкес күрделі жөндеу кондоминимум қатысушыларының өздерінің қаражатынан жүреді.
Жергілікті әкімдік мамандары үйді жөндеуге «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы арқылы несие алуға болатынын да айтты. Кейін жұмсалған қаражатты тұрғындар бірнеше жыл ішінде қайтаруы тиіс.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев