Түркістан облысының ауыл жастары аз қамтылған екі отбасыға үй салып берді
Баспанаға мұқтаж жандар қолдарына кілтті алғанға дейін үйлі болатынынан бейхабар еді.
Бұл – Шәуілдір ауылының тұрғындары Арман Кәрібаев пен Гүлжанар Садыбаеваға баспана кілтін тапсыру сәті. Ұзақ жылдар бойы пәтер жалдап, жанбаққан екі отбасы да баспанаға шын мұқтаж. Төрт баланың әкесі Арман Кәрібаев бұған дейін жалданып жұмыс істесе, ал Гүлжанар Базарбайқызы – үш бірдей бүлдіршінді бір өзі асырап отырған жалғызбасты ана. Олардың ешқайсысы үйлі болатынын білмеген. Себебі ауыл жастары өздері асарлатып салған баспананы кімге беретінін соңына дейін құпия ұстапты.
Арман Кәрібаев, Шәуілдір ауылының тұрғыны:
- Осы үй салынып жатқанда балалармен бірге іргетасынан бастап мен де осы үйге көмектестім. Бірақ менің үйім болатынын білген жоқпын. Құранға шақырды, келгеніміз осы еді үйдің кілтін тапсырды. Қобалжып, не айтарымды да білмей қалдым.
Гүлжанар Садыбаева, Шәуілдір ауылының тұрғыны:
- Үйде өзімнің жылуымды іске қоса алмай жатқанмын. Жарылған, тесілген. Соған қаржылай көмек бар деп шақырды. Мен мұндай үй аламын деп ойлаған жоқпын. Рақмет барлығына. Алла разы болсын!
Енді бұл отбасылар үшін ауыр тұрмыс, қиын күндер артта қалды. Ауылдастарының қолдауымен жаңа қонысқа жайғасса, демеушілер азық-түлік пен қажетті жиһаздарын жеткізіп беруде. Ауыл жастарының басын қосып, осы іске ұйытқы болған волонтер Әскербек Батырбеков алғашында қайырымдылықты ауылдағы көпбалалы отбасыларға көмір түсіріп беруден бастағандарын айтады.
Әскербек Батырбеков, волонтер:
- Пәтер жалдап тұрып жатқан жағдайы жоқ отбасылар көп болды. Сол кісілерге жәрдем берейік деп, ауыл жастарының көмегімен, кәсіпкерлердің қолдауымен осы екі баспананы бастаған болатынбыз. Төрт айда екі үйді бітіріп, қоныс тойын тойлап жатыр.
Жалпы биыл Отырар ауданында «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы демеушілердің қолдауымен тұрмысы төмен 38 отбасыға көмек көрсетілген. Оның ішінде 16-сына баспана салып берілсе, төрт отбасының үйі күрделі жөндеуден өткен. Бұдан бөлек карантинге байланысты жұмысы тоқтап, табыссыз қалған 1485 отбасына 99 млн теңгенің көмегі көрсетілген.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы