Ұзынкөл ауданында бұқаралық спорт түрлері дамып келеді
Өңірде тұрғындардың 40 проценті саламатты өмір салтын ұстанады. Яғни спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Нәтижесі де айтарлықтай! Мәселен, ұзынкөлдік баскетболшылар карантинге дейін облыста ресми жарыстардың бәрінде топ жарған. Келешекте шаңғы жарысы және басқа да спорт ойындарына басымдық берілмек.
Андрей Бурносовтың балғын баскетболшыларды жаттықтырып келе жатқанына – 20 жыл. Ұлы Сергейдің ізін басып келе жатқанына да алты жыл. Бұл залда түрлі топтағы спортшылар дайындалады. Ұзынкөлдіктер баскетбол десе, ішкен асын жерге қояды. Сондықтан мұнда келушілер қатары азайған емес. Жетістіктері айтарлықтай.
Андрей Бурносов, жаттықтырушы:
– Жаңылыспасам, соңғы 40 жылда бізге облыс чемпионатын жеңу мүмкін болмап еді. Сол мақсатымызға енді жеттік. Былтыр үш рет қатарынан озып шықтық. Бұл Ұзынкөл спортының тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай.
Аудандық Балалар және жасөспірім спорт мектебінде 450 тәрбиеленуші жаттығатын болса, соның үштен бірі – баскетболшылар. Карантин басталғалы дайындық тоқтап, ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған республикалық бюджеттен 40 миллион теңге бөлінген.
Қуандық Кенкенов аудандық спорт мектебінің директоры
– Спортзалдың шатыры мен терезелері ауыстырылды. Жаңадан құбыр тартылды. Дәретхана, жуынатын бөлмеміз бар. Бұрын ол да болмаған. Қазір бәрі ойдағыдай істеп тұр.
Әйтсе де бұл спортшылар үшін аздық етеді. Сондықтан аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Онда ұзынкөлдіктер бұқаралық спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Ал Балалар және жасөспірім спорт мектебі еркін күрес пен дзюдо спортымен жаттығушыларға берілмек.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг