Ақмола облысында төрт түліктің кесірінен 40-тан астам жол апаты болған
«Әйтпесе жол-көлік оқиғасына сеп болған жағдайлар жиі кездеседі», – дейді, жүргізушілер. Ал соғылған темір тұлпар мен өлген малдың шығынын кім өтейді?
Андрей Трайбер, көлік жүргізушісі:
–Таңғы 6-ның шамасында Константиновка ауылынан шығып, Көкшетауға қарай келе жатқанда алдымнан бір жылқы атып шықты. Әлі қараңғы болатын. Тоқтап үлгермедім. Малды соғып кеттім. 102-ге хабарласып, полиция шақырдым. Олар сол маңайдағы үйірді иесін анықтау үшін арнайы қораға қамап қойды.
Бұл осыдан бір апта бұрын «Көкшетау-Рузаевка» тасжолында болған оқиға. Апаттан жеңіл көліктің быт-шыты шыққан. Абырой болғанда өзі дін аман. Малдың иесін полицейлер бірнеше күн бойы іздепті. Ақырында тауып, көлікті жылқышы қалыпқа келтіретін боп келісіпті. Үйірді қараусыз қалдырған жұмысшымен тілдесу мүмкін болмады. Алайда облыс орталығының іргесіндегі Садовое ауылының бақташысы Нұрбол Зинатбек: «Бұл дұрыс емес», – дейді.
Нұрбол Зинатбек, бақташы:
– Осы ауылдың малын бағып жүрмін, 5 жыл болды, міне. Біздің келісім шартымызда менің бағып жүрген малым трассаға шығып кетіп, машина соғып кетсе, өлген малды бақташы өзі төлейді. Бірақ шопыр өз кінәсі өзінде. Көріп тұрған малды өзі абайлау керек. Мен малды жолға жіберіп қойып отырмаймын ғой. Байқаусызда жолға шығып кетеді. Ең соңғы жағын жинай алмай жатасың. Сол уақытта алды кеп трассаға шығып кетеді. Әйтпесе ол трасса мал жаятын орын емес қой әсілі.
Ал полицейлердің айтуынша, жол жағасында жайылатын және далада иесіз жүрген мал көп. Мәселен, өткен бір аптаның ішінде тәртіп сақшылары осындай 800 бас төрт түлікті анықтаған. Аймақта оларды уақытша қамайтын 85 арнайы орын бар. Себебі олар ұрлануы мүмкін немесе жол апатына сеп болуы да ғажап емес.
Әсет Байтеленов, облыстық Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары:
– Қараша айында бір ғана Зеренді ауданының өзінде осындай екі оқиға тіркелді. Бірінде көлік жүргізушісі жарақаттанса, екіншісінде, көлікке едәуір материалдық зиян келген. Малына ие болмаған адамға бірінші ретте ескерту беріледі. Ал жағдай екінші мәрте қайталанса, 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Әзірге мал иелері мен бақташылар ескертумен ғана шектеліп жатыр. Айталық, биылдың өзінде 70-тен астам адам төрт түлігі үшін полицейлердің «қара» тізіміне ілінген.
Дамир Берікұлы, тілші
– Аймақта жол жағасында жайылып жүрген малдарды кездестіру қиын емес. Мәселен, мынау жақында ғана жол апаты болған «Көкшетау-Рузаевка» трассасы. Ал оның жанында тағы да бір үйір жылқы жайылып жүр. Оның қасында ешқандай да жылқышыны көрмедік. Яғни жауапкершілікті күшейтпей, бұл мәселенің шешімін табу қиын секілді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный