Шетелдегі қандастар індетпен күреске үлес қосты
Олар жеке қаражаттары есебінен миллиондаған дана медициналық бетперде жеткізіп, қиын сәтте қол ұшын созды. Елордада республикалық қауымдастық өкілдері қандастардың көмегін қабылдап, мұқтаж жандар мен пандемиямен күресте алғы шептегі медицина қызметкерлеріне таратты. Алдағы уақытта қандастар тарапынан өкпені жасанды желдету аппараты мен дәрумендер де жеткізілетін болады.
Ғалым Үлкенбай, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Келіп жатқан гуманитарлық көмекті Қытай еліндегі 1 млн 300 мың қандас атынан жібергендер – «Макс» маркасының директоры Нұрдәулет Бөкейханұлы мен Бедеш Қасенұлы деген азаматымыз. 1 млн 300 мың маска мен 5 мыңға жуық оттегі аппаратын қазақ еліне жібермекші. Қазір 1 млн 300 мың масканы біз тапсырып алып, осы елдегі қиыншылығы бар мектептерге, мешіттерге және түрлі ауруханаларға жеткізіп бердік. Енді сол оттегі аппараттарын жеткізбекші. Ол да жақын арада елге келеді.
Қарлығаш Бекпатшақызы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы орталық кеңсесінің кеңесшісі:
- Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, одан қалса емхана, мектептерге, жатақханадағы шетелден келіп оқып жатқан студенттерге таратып жатырмыз. Мұның бәрі – өткендегі қателікті қайталамай, сақтық шараларын қолданып, тамшыдай болса да қосып жатқан үлестері. Сол жіберіп жатқан азаматтарға Алла разы болсын! Елім деп алыста жатса да алаңдап жатыр. Бұл – «қазағым қиындық көрмесін» деп көңілдерін бөліп, жіберіп жатқан сәлемдемелері.