Қарағанды облысында бір айда 133 адамға айыппұл салынды
Қарағанды облысындағы мобильді топтар күн сайын рейдке шығып, бірнеше заңбұзшылықты анықтады. Тек қараша айының өзінде 133 тұлғаға айыппұл салынған.
Қаладағы мына дәмхана би кешін ұйымдастырып, санитарлық талапты өрескел бұзған. Келушілердің басым көпшілігінде бетперде жоқ, ал әлеуметтік арақашықтық туралы айтудың өзі артық.
Арман Шәйкенов, волонтер:
- Біріншіден, кірген кезде ешкім менің температурамды тексерген жоқ. Екіншіден, антисептикті кірген кезде беру керек еді, ол да жоқ. Сосын екінші қабатқа көтерілген кезде музыка ойнап тұрды. Санитарлық дәрігердің талабы бойынша ауқымды шара ұйымдастыруға болмайды. Осы мекенжайдағы заңбұзшылықты қағаз бетіне түсіріп, тіркеді.
Мобильді топ бас сұққан келесі дәмханада дене қызуын өлшейтін құрал жұмыс істемейтін болып шықты. Әкімшісі түрлі сылтау айтып, жауапкершіліктен қашқанымен, хаттама толтырылды.
Мобильді топ мүшелерінің айтуынша, көңіл көтеру орындарымен салыстырғанда ірі дүкендер санитарлық талапты жақсы сақтайды екен. Мәселен, бір кеште онға жуық сауда орны тексеріліп, ешқандай заңбұзушылық анықталмады.
Татьяна Вдовских, дүкен әкімшісі:
- Мобильді топ аптасына 2-3 рет келеді. Біз тексерістен қорықпаймыз. Себебі санитарлық талапты қатаң сақтаймыз. Бетперде тағу, қолды жуу, дене қызуын өлшеу күнделікті әдетімізге айналды десе де болады.
Қазір облыс бойынша 168 мобильді топ жұмыс істейді. Құрамында шамамен мыңға жуық адам бар. Олар кезектесіп тәулік бойы рейд жүргізеді.
Расул Қасенхан, жедел әрекет ету орталығының өкілі:
- Бірінші қарашадан бастап мобильді топтармен тоғыз мыңға жуық объекті тексерістен өтті. Соның арасында 250 заңбұзушылық табылып, 133 айыппұл салынды.
Мамандардың айтуынша, заңбұзушылықтың тең жартысы мейрамхана мен дәмханаларда, түнгі клубтарда болады. «Көпшілігі уақытында жабылмай, түні бойы жұмыс істейді», – дейді топ мүшелері.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев