Таразда «Біз біргеміз» монументі ашылды
Монумент күрделі кезеңде жұмыла әрекет етудің маңыздылығы, ынтымақ пен ауызбіршіліктің үлгісін айшықтайтын белгі ретінде бой көтеріп отыр.
Пандемия басталғаннан-ақ жұрт жұмыла әрекет етіп, індетке қарсы күрес жүргізді. Әсіресе дәрігерлер, полицейлер, әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер мен еріктілердің еңбегі ерен. Олар өз өміріне қатер төнгеніне қарамастан аты жаман аурумен күндіз-түні арпалысты. Арпалысып та келеді. Халықтың татулық пен ауызбіршілігінің арқасында лап қойған індеттің алды алынды. Жаңа композицияда осы мамандық иелеріне деген құрмет, ел бірлігі мен тұтастығы суреттелген.
Айман Қабдырахимова, дәрігер:
- Міне, біздің еңбегіміз еленіп, бағаланып, керемет символы бар монумент ашылды. Бұл монумент өзіміздің өткен кезеңімізді есімізге түсіреді және әріптестерімізді жігерлендіретініне сенімдімін.
Ескерткіш ұлттық құндылық пен тарихи негізді насихаттайтын мұра ретінде салынған. Биіктігі 33 метр. Ортадағы үлкен биік тұғыр – ел тарихындағы шексіздік пен ұлы мақсатқа жетелейтін ортақ мүдде. Жоғарыдағы шаңырақ пен қарлығаштар бейбіт өмірді білдіреді. Ал жер шары адамзат баласының бірлікке ұмтылғанда ғана көп нәрсеге жететіні сипатталған.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
- Монументті болашақ үшін, тарих үшін жасадық. Ертең бұл тарихтың қойнауына кетеді. Сол кезде мына өсіп келе жатқан ұрпақ ата-аналарының, бабаларының, апаларының денсаулығының мықты болып, ұзақ өмір сүруіне қандай еңбек еткендерін білуі керек.
Тарихи нысан жергілікті халықтың бірлігін нығайтып, мәдениетін дамытуға үлес қосады. Жастар тәрбиесінде де маңызды рөлге ие. «Өткенді білген ұрпақ келешегінен жаңылмайды», – дейді шараға қатысушылар.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев