Қостанай облысы халқының үштен бірі салауатты өмір салтын ұстанады
Сондықтан Тобыл өңірінде дене шынықтыру-сауықтыру орындарын көбейту қажеттілігі туындап отыр. Жақында сондай екі нысан тапсырылды. Тағы төртеуі салынып жатыр.
Ұзынкөл ауылында биыл күрделі жөндеуден өткізілген спорт мектебі – жергілікті тұрғындардың бас қосатын негізгі орындарының бірі. Бұл мектепте түрақты түрде 450 адам түрлі спортпен айналысады. Оның сыртында түннің бір уағына дейін ауылдың үлкендері осында доп теуіп, дене шынықтырады. Бір сөзбен айтқанда жалғыз спортзал ұзынкөлдіктерге аздық етіп отыр. Сондықтан биыл мұнда жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Жоспар бойынша ол алдағы жылдың тамыз айында тапсырылуы тиіс. Кешен тренажер және ойын залынан тұрады. Одан бөлек жеке сауықтыру кабинеттері болады. Жалпы жаңа нысан облыстық қана емес республикалық денгейдегі жарыстарды өткізуге есептелген.
Фархад Балашов, Ұзынкөл аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Ойын залында көрермен үшін арнайы орындар қарастырылған. Үш денгейлі трибуна 120 адамға есептелген. Яғни жаңа кешенде дүбірлі жарыстарды өткізуге мүмкіндік болады.
Дәл осындай екі кешен былтыр Жітіқара мен Қарасу ауданындарында ел игіліне берілген болатын. Тағы екеуінің құрылысы аяқталуға таяу.
Алмат Досымхан, Қостанай облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:
- Енді Қарабалық ауданының Қарабалық ауылы мен Әуликөл ауданының Аманқарағай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланып отыр.
Қостанай облысында 2,5 мыңнан астам спорт нысаны бар. Ол жерлерде шамамен 300 мыңға жуық адам түрлі спортпен айналысады. Бұл – жалпы облыс тұрғындарының үштен бірі. Негізінен өңірде волейбол, футбол, баскетбол және шаңғы тебу жақсы дамыған.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг