Қарағандыда волонтерлік жобаларға байқау жарияланды
Сонымен қайтарымсыз қаржыдан қанша адам үмітті және жобалар қалай іріктеледі? Қай салаға басымдық берілмек?
Медицина университетінің 5-курс студенті Дарын Әбілжанов өңірдегі белсенді волонтердің бірі. Індет өршіген жазғы мезгілде ол ерікті түрде дәрігерлерге көмектескен. Тіпті үйде емделіп жатқан науқастарға өз көлігімен барып, екпе жасапты. Қазір де Дарын онкология ауруханасында хирургтың көмекшісі болып тегін жұмыс істейді.
Дарын Әбілжанов, волонтер:
– Волонтер болу тек қана жәрдем көрсету емес, ол волонтерге де рухани байлық сыйлайды. Бұл мен үшін таптырмас мүмкіндік, тәжірибе. Болашақта кардиохирургия саласында жұмыс істеу жоспарымда бар.
Дарын секілді жалындаған жастарға енді тың идеяларын іске асырудың мүмкіндігі туып отыр. Қарағанды облысында үздік волонтерлік жобаларға байқау жарияланды. Өтініш қабылдау бүгін аяқталды, енді арасынан үздіктері анықталмақ. «Грант тағайындағанда әлеуметтік жобаларға басымдық беріледі», – дейді ұйымдастырушылар.
Алена Хегай, волонтерлік ұйым жетекшісі:
– Біздің волонтерлік ұйым тек Теміртауда ғана емес, облыс көлемінде үздіктер қатарында. Қаламызда экологиялық жағдай күрделі болғандықтан, біз негізінен осы бағытта жұмыс істейміз. Байқауға да осы тақырыптағы жобамызды ұсындық. Егер жеңетін болсақ, ол ақшаға қажетті заттарымызды аламыз, арнайы киімдер тіктіреміз, оқыту курстарын жүргіземіз.
Қазіргі күні Қарағанды облысында 8 мың адамның басын біріктіріп отырған 97 волонтерлік ұйым бар. Олар медицина, экология, білім беру секілді 7 бағыт бойынша жұмыс істейді. Қайырымды жандар пандемия кезінде қыруар шаруа атқарған. Мұқтаж жандарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек таратып, қариялардың үй шаруасына көмектесіпті. Жалпы жыл басынан бері олар бас-аяғы мыңнан астам шараға қатысқан.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев