Қарағанды облысында медициналық қызмет сапасы жақсарып келеді
Балқаштағы жедел медициналық жәрдем станциясына 30 жыл ішінде алғаш рет жеке ғимарат берілді. Бұрынғы ескі ғимарат кеңейтіліп, инженерлік жүйелері жаңартылды. Сондай-ақ қала тұрғындары медициналық көмекті уақытылы алуы үшін ауданаралық ауруханаға 25 жас маман тартылды.
Балқашта 80 мың халық тұрады. Бұрын қалалық жедел медициналық жәрдем бригадалары тар бөлмелерде отыратын. Осыған байланысты ескі ғимарат кеңейтіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қосалқы станцияда қазір алты жедел жәрдем бригадасы бар. Олар жылына 30 мыңға дейін шақыруға шығып, медициналық қызмет көрсетеді.
Ақылбек Сарбаев, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы:
- Бүгінгі таңда біз жаңа орынға көшіп жатырмыз. Бұрын біз стационардың жанында бөлек бөлмелерде орналасқанбыз. Ол жердегі жататын орнымыз талаптарға сай болған жоқ.
Тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін биыл ауданаралық ауруханаға 25 жас маман жұмысқа қабылданды. Резидентурада оқып жүрген тағы 12 дәрігер алдағы жылы осында келеді. Тұрғын үй мәселесі шешілген. 30 пәтерлі үшқабатты ғимарат жөнделді. Жас мамандардың көтермеақысы 8 млн теңгеге дейін көбейтілген. Бұл жұмыстар медициналық қызмет сапасын жақсартуға негіз болады, - деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Президенттің бастамасын білесіздер, мынау медицинаны қолдау, осы бағытты жаңғырту және халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету жөніндегі. Біздің мақсат – ауылдық жерлерде жаңа СВА, амбулаторияларды ашып жатырмыз. Облыс бойынша біз 91 салуымыз керек.
Қалалық емханада алғашқы үздік тәжірибелер орталығы да ашылды. Оның басты мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.
Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпыхар