ШҚО-да Жарма ауданының көпбалалы отбасылары баспанамен қамтылды
Келесі жылы тағы 30 үй салу жоспарда бар. Баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасылардың мәселесі жыл өткен сайын жедел қарқынмен шешімін тауып жатыр. Жарма ауданында былтыр тамыздан бері 33 қоржын үй, 66 пәтер ел игілігіне беріліпті. Тіпті кезекке биыл мамыр айында ғана тіркелген тұрғындар қоныстойын тойлап жатыр.
Болат Көкенайұлы, тілші:
– «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар». Елімізде соңғы жылдары көпбалалы отбасыларға жағдай жасалған сайын демографиялық өсім де жақсарып келе жатыр. Қармановтар отбасы да болашақта «Күміс алқа», «Алтын алқа» алуға ынталы.
Надия Шамсутдинова, көпбалалы ана:
– Бұйырса, аманшылық болса, тағы да көпбалалы болып, «Күміс алқа», «Алтын алқа» алып, сөйтіп балаларымызды өсіреміз. Балалар көбейе берсін! Қазақстан жайнай берсін, Жарма жайнай берсін!
Виктор және Динара Исабаевалар тұрғын үй салумен көптен шұғылданады. Кәсіпкерлер өз қаржысына баспана салып, әкімдік оны дайын күйінде сатып алады. Яғни мемлекет бұрынғыдай жобалық-сметалық құжаттар жасап әуреге түспейді. «Бұл жобаның тиімділігі уақыттан ұтамыз», дейді атқарушы билік өкілдері.
Динара Исабаева, мердігер:
– Үйлер сапалы құрылыс материалдарынан салынған, сондықтан іші жылы, ыстық суы бәрі кіргізілген. Яғни бұл отбасылар алаңсыз өмір сүруге барлық жағдайлар қарастырылған.
Ахметқали Нұрғожин, Жарма ауданының әкімі
– Одан басқа өзіміздің аудан бюджетінен 25 миллион теңгеге 10 үй әпердік. Одан кейін Шар қаласында шаруа қожалығынан Дәурен деген азамат өз ақшасына мүгедек отбасына пәтер алып берді. Облыстық «Парыз» қорының арқасында біздің ауданымызға 17 үй алынды.
Келесі жылы осындай әдіспен тағы 30 үй салу жоспарланып отыр. Шуақ ауылындағы қараусыз қалған көпқабатты үйлерді қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынбақ. Ол пәтерлер көпбалалы отбасылардан бөлек, жетім, тұрмысы төмен, мүгедек жандарға, сондай-ақ бюджеттік мекеме қызметкерлеріне беріледі.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов