ШҚО кәсіпкерлері сыбайлас жемқорлық тәуелділігінен қорғалады
Құзырлы орган өкілдері жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қатысты мәселелерді бүкпей, бірлесе шешуді ұсынып отыр. Яғни шен-шекпенділер тарапынан болатын кедергілермен бірге күресу – басты мақсат.
Әлемді пандемия жаулаған кезеңде бизнес өкілдері жаңа кедергілерге тап болды. Мәселен, қалыптасқан жаңа ережелерге сай дүкендер мен мейрамханалар жұмыс кестесін қысқартты. Қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүйлердің де табысы азайды. Соған қарамастан акциздік төлемді жасауға мәжбүр болды. Бұл даулы мәселені шешуге Кәсіпкерлер палатасы мен Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдері атсалысуда.
Осы орайда «Бизнес пен инвестицияларды қорғау» жобасы тиімділігін көрсетті. Құзырлы орган өкілдері ірі кәсіпорындардың да құқықтарына заңсыз қол сұғуға да жол бермейді. Себебі миллиардтаған қаражатқа салынған өндіріс орындары халықтың игілігіне жаратылуы тиіс. Мәселен, Алла Мандрыч Өскеменде дәрі-дәрмек қоймасы құрылысын қолға алды. Егер шенеуніктер тарапынан заңсыз әкімшілік кедергілерге тап болса, Жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жүгіне алады.
Алла Мандрыч, кәсіпкер:
– Барлық мемлекеттік мекеме өкілдері инвестициялық жобаны Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандары бақылап отырғандығын біледі. Сондықтан жауапты мекемелерге жолдаған кез келген құжаттарым мен анықтамаларды дер кезінде алып отырамын.
Ауылшаруашылығы саласы өкілдері мен қазба байлықтарын өндіруші компаниялар да құзырлы органның назарында.
Жігер Байділдин, Сыбайлас Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Біздің департамент келісім бойынша кәсіпкерді 100 процент қолдап, шенеуніктер тарапынан орын алатын бюрократиялық немесе жемқорлық әрекеттерінен қорғайды. Барлық мәселесін шешуге мүдделі.
2020 жылы бизнес пен инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау мақсатында облыстың 38 ірі кәсіпорнымен келісімге қол қойылды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин