Қарағандыда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы сәтті жүзеге асты
Бұл қаражатқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар жөнделді. Аулалар қалыпқа келтіріліп, балалардың ойын алаңдары салынған. Бағдарламаның арқасында 5 мың адам еңбекпен қамтылып, қаншама кәсіпорын жұмысын жандандырды.
Қаладағы №2 музыкалық мектептің іргетасы 1948 жылы қаланған. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмепті. Тек биыл ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша қаржы бөлініп, көне ғимарат қалыпқа келтірілді.
Қазір зәулім ғимараттың іші кірсе шыққысыз. Едені, есік-терезесі ауыстырылып, қабырғасы сырланған. Жылу жүйесі де толық жаңартылыпты.
Жәнібек Қазыбекұлы, музыкалық мектептің ұстазы:
– Музыкалық мектеп болғандықтан мынау есіктерінің өзі екі қабаттан, бір-біріне кедергі болмас үшін. Өте ұнайды. Ішіжарық. Балалар мектепке кіре сала, өте жайдарлы жақсы көңіл-күймен сабағына қатысты.
Бағдарлама аясында шаһардағы 212 тұрғын үй жөнделді. Қабырғалары сырланып, шатыры жаңартылған. Ең бастысы, үйлердің әуелгі архитектуралық келбеті сақталды. Бұған қоса аулалар қалпына келтіріліп, асфальт төселді. Көше жарықтандырылып, балалардың ойын алаңдары салынған. Сондай-ақ тозып кеткен бірнеше әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Нұрлан Бикенов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:
– Көп жұмыстар білім саласында өткізілді. Оған біз 2 миллиард 900 миллион бөлдік. Бұл сомаға 29 балабақша және 71 мектеп аумақтарын абаттандырып, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Оның ішінде 10 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жұмыстар жүргізілді.
Ең бастысы, бағдарламаның арқасында 5 мың адам еңбекпен қамтылған. Сонымен қатар қаншама кәсіпорын тапсырыс алып, жұмысын жандандырды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев