Қарағанды облысында жыл басынан бері 5700 отбасы баспаналы болды
Биыл кенді өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүрген.
Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің бірі – Перизат Құлмағанбетова. Алты баланың анасы кезегін он жыл күткен. Ақыры арманы орындалып, қаланың орталық ауданына қоныс тепті. Енді жалдамалы пәтер үшін айына небәрі 8 мың төлейді. Кейін баспана меншігіне өтеді.
Перизат Құлымбетова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Үй көңілімнен шығады. Жылы, таза, барлық жағдай жасалған. Жаңа ауданда тұрған бәрімізге ұнайды. Балам биыл жаңа мектепке барды. Қасымызда мектеп бар. Өзімнің жұмысыма да жақсы, жақын жерде орналасқан.
Биыл Қарағанды облысы тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Жыл басынан бері 525 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25% көп. Осылайша 5700 жанұя қоныс тойын тойлады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған пәтерлер төрт бағыт бойынша үлестірілген.
Абзал Жайлыбаев, Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Жалпы 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 22,6 млрд теңге бюджеттен қаржы қарастырылған. Бұл төрт бағыт бойынша іске асырылуда. Біріншісі – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы. Екіншісі – кредиттік тұрғын үй салу. Үшінші – көпбалалы отбасылар үшін пәтерлер сатып алу және инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу.
Мамандардың мәліметінше, үй кезегін күткендердің саны бір жыл ішінде 6% кеміген. Қазір облыс бойынша баспанадан үміткер 34 766 адам бар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев