Қорғаста көлік кептелісі пайда болды
Оның негізгі себебі – көрші мемлекеттің коронавирус инфекциясына байланысты санитарлық талаптарды күшейтуінде. Мысалы Алматы облысындағы «Нұр жолы» кеден бекеті арқылы пандемияға дейін күніне 200-ге жуық жүк көлігі өтсе, қазір бұл көрсеткіш мүлдем азайған.
«Нұр жолы» кеден бекетінің аумағында жүзге жуық қазақстандық жүк көлігі өзінің кезегін күтіп тұр. Бірақ Қытай тарапы оларды қабылдауға асығар емес. Бұған дейін біздің көліктер көрші елдегі арнайы тұраққа кіріп тіркемелерін тастап кері оралатын. Жүк тиеліп болған соң қайтадан барып алып шығатын. Енді ол да жоқ. «Ереже күнде құбылып тұр», – дейді мұндағылар.
Ғабит Оразов, Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы:
- Мына жерде шамамен 50-ден астам күтіп тұр. Олар алдыңғы өздерінің кіргізген тіркеулерін алып кету үшін кіріп отыр. Бүгінгі таңда Қытай тек соларды ғана қабылдайды. Қалған мынау бос тіркеулерді қазақстандық және экспорттық тауарларды мүлдем қабылдап жатқан жоқ.
Барыс-келіс қиындағандықтан, тамыз айында кеден маңындағы кептеліс 50 шақырымнан асқан еді. Пысықай делдалдар кезекті бұзып, жүргізушілердің ашу-ызасын келтірген болатын. Осыдан соң электрондық кезек жүйесі енгізіліп, бұл мәселе шешімін тапты. Бүгінде ақпараттық жүйеге бес мыңнан астам жүк көлігі тіркеліпті.
Оскар Ерманов, электрондық кезек жүйесін жасаған компания өкілі:
- Жүйе ашық. Кез келген қолдаунышы жеке кабинеті арқылы өзінің қаншасыншы тұрғанын біле алады. Бір қолданушы бірнеше көлікті кезекке қоя алады. Егер Қытай тарапы 20 көлік кіргіземіз десе, ақпараттық жүйе кезегі келген 20 көлік жүргізушісіне СМС хат жібереді.
Бүгінгі таңда «Нұр жолындағы» көлік-логистикалық орталықтың машиналарымен ғана Қытайдан жүк әкелу мүмкін болып отыр. Себебі бұл мәселе үкіметтік деңгейде келісілген екен.
Ал жүк тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлерге емін-еркін қатынуға қашан рұқсат беріледі? Ол жағы әзірге белгісіз.
Ғабит Оразов, Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы:
- Шамамен сол 10 қарашада жүктерді қабылдамағаннан бастап, Қазақстан тарапынан осы шекара қызметімен жалау көтерілуде. Бүгінгі күнге дейін жалау көтеріліп жатыр. Бірақ Қытай тарапынан ешқандай кері жауап қайтарылып жатқан жоқ.
Қытай тарапының санитарлық талапты күшейткені соншалықты тіпті өздерінің бос тіркемелерін алмай отыр. Қазір «Нұр жолында» қытайлық кәсіпкерлердің 400-ден астам тіркемесі жатыр. Жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан жағдайды реттеу үшін барлық шара қолданылуда. Бірақ мәселе үкіметтік деңгейде қаралмаса, шешілмейтін секілді.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Әбен Нарымбаев