Бұқтырма көпірінің құрылысын бастауға дайындық шаралары жүргізіліп жатыр
Егер қаржыландыру жағынан ешқандай қиындық туындамаса, алдағы 3-4 жыл ішінде көптен күткен көпір ел қолданысына берілуі тиіс. Оған дейін қарайған халық елу жыл бұрынғы ескі паромды пайдалануға мәжбүр.
Күршімдегі дүйім ел қарап тұрған ескі паромның қыс түсе суда жүруі қиындайды. Әйтпегенде ше? Тозығы жеткен су көлігін екі жақтан мұз қысады. Сергей Чибисовтың осы паромда қызмет еткеніне 20 жыл болыпты. Сондықтан ол: «Осы маусымда кеме кері тартып әрең жүреді», – дейді.
Сергей Чибисов, ауысымдық капитан:
– Әзірге мұз қабаты сондай қалың емес, соның өзінде, міне, жүру қиын. Екі қапталдан мұз соғады, су ауырлайды. Сөйтіп баяу жүруге тура келеді. Яғни жаздағыдан екі есе көп жанармай шығындаймыз.
Амантай Шорманұлы бұл өткелді бес саусағындай біледі. Бала кезінде арғы бетке талай рет мұз үстімен жаяу өткен. Одан бертін ат шанамен де өтіп көрген. «Кейіннен паром іске кірісті», – дейді. Күршімдіктердің көпшілігі бұл күндері Бұқтырманың үстінен көпір салынатына сенімсіз болғанымен, зейнеткер оптимисті көзқараста екен.
Амантай Шорманұлы, Күршім ауданының тұрғыны:
– Көз ашқалы осы сумен өтіп келе жатырмыз, қиындықтың барлығы біздің көз алдымызда Мен, міне, 63 жыл болды осы жағдайда келе жатырмыз.
– Сенесіз бе, көпір салынатына?
– Сенемін, өйткені Шығыс Қазақстан – өте үлкен ауқатты облыс, ауқымды, мұнда да мықты инженерлер, мамандар бар.
Пароммен өту үшін әр көліктің көлеміне қарай ақы бекітілген. Жүк көліктері бір бетке кейде 38-58 мың теңгеге дейін төлейді. Осыдан барып мәселен, қара отынның бағасы қара халыққа жеткенше удай болып шыға келеді. Қалжыр ауылында тоннасы 25 мың теңгеден сатылады.
Жұлдыз Адамбаева, Күршім ауданының тұрғыны:
– Бізге жеткенше көмір қымбаттап кетеді, өйткені көмірді тасуы, жол азабы бар, сондықтан көмір өте қымбат. Біреуі көтереді қалтасы, біреудікі көтермейді, бірақ лажсыз аласың.
Жолдың қашықтығы өзге де қажетті заттардың қымбаттауына ықпал етеді. Қаламен қатыстың нашарлығынан мұнда жас мамандар да тұрақтамайды. Сөйтіп бір қатынастың қиындығынан тізбектелген мәселелер көбейе береді. Дегенмен сала басшыларының сөзінше, көпір құрылысының алғашқы сатысы басталды.
Нұрбек Тұраров, облыстық Автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
– 90% республикалық және облыстан қаржылануы тиіс. Облыс 10% болу керек. 90% республикадан. Республикалық бюджеттен қаражат күтеміз. Биыл сол бастағанға 200 миллион облыстан бөлінді. Келесі жылы да облыстық бюджеттен қаражат қарастырылады, жұмыстар тоқтамай жүреді. Қазір жағалауда дайындық жұмыстары басталып кетті.
Ұзындығы 1300 метр болатын көпір егер қаржыландыру жағынан еш кедергі болмаса, алдағы 3-4 жыл ішінде салынып бітеді деп жоспарланып отыр.
Эльмира Ахметова, тілші:
– Егер Бұқтырма үстінен көпір салынатын болса, бұл паром өткеннен қалған естелік ретінде жай ғана туристік орын болып қалатыны белгілі. Ал әзірге, мінеки, мұзды жарып, жол салып, Күршім ауданының халқын облыспен қатыстыратын жалғыз көлік түрі.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов