Ақмола облысындағы Степняк қаласының мәртебесі өзгеруі мүмкін
Басты себеп ондағы тұрғындар саны 10 мыңға жетпейді. Әкімшілік-аумақтық құрылымның өзгеруі онда тұратын азаматтар өміріне қалай әсер етеді? Тек Ақмола облысының өзінен ол тізімге үш қала енген. Солардың бірі – Степняк. Ол кезінде алтын кендерімен танымал болған.
Алтын іздеушілер әр жерді қаза бергендіктен бе, Степняктың әуелгі атауы Мұңшұңқыр. 90-шы жылдары қала негізгі жұмыс әрі табыс көзінен айырылған соң мұнда халықтың тұрақтауы қиынға соққан. Қазір тұрғын саны 3,5 мың ғана. Екі мектеп, екі балабақша бар. Шағын және орта, сондай-ақ ірісін қосқанда 40-қа тарта бизнес тіркелген.
Қаланың тіршілігіне қазір жан бітіріп отырған негізгі кәсіпорын – құс фермасы. 250 адам жұмыс істейтін мекеме қала бюджетіне жылына 300 млн теңге салық төлейді.
Борис Оздоев, кәсіпорын директоры:
- Өнімді Қазақстанның барлық қаласына жөнелтеміз. Жұмысымыз тұрақты. Біз үшін қазір маңыздысы, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресей нарығына қайта шығуымызға жағдай жасаса екен.
Бір байқағанымыз, қаңырап бос қалған нысандар қайта қалыпқа келтіріліп, үлкен мешіт тұрғызылған, ал жақын күндері жаңа спорт кешені ашылады. Онда бокс, волейбол, баскетбол, үстел теннисі мен жүзу үйірмесі болады.
Әлібек Натиев, спорт кешені директорының міндетін атқарушы:
- Күндізгі уақытта мұнда балалар келіп тегін қатысады. Жетіден кейін ересектер келеді. Бұл қызметтер оларға ақылы.
Өміртай Жомартов, Степняк қаласының әкімі:
- Бізге жетіспейтін жас мамандар келеді. «Ауыл ел бесігі», «Дипломмен ауылға» деген қосымша бағдарламалар бойынша келсе, бізге көмек болушы еді.
Степняк – Ақмола облысындағы статусын өзгертетін үш қаланың бірі ғана. Еліміз бойынша айтатын болсақ, олар он үшті құрайды.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы