Ақтөбе облысында жаңа спорт нысандары қолданысқа берілді
Аймақта жастардың спортпен шұғылдануына да ерекше жағдай жасалып отыр. Жақында Темір және Байғанин аудандарында заманауи спорт нысандары қолданысқа берілді. Салтанатты шараға өңір басшысы да қатысып, арнайы үлгіде салынған ғимараттармен танысып қайтты.
Республикалық жарыстарда үздіктердің қатарында табылған жүздеген спортшы тәрбиелеген Темір балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі үшін жаңа ғимарат көптен күткен арман болатын. Тәуелсіздік күні қарсаңында көпшіліктің тілегі орындалды. Жаңа кешенде 600-ден астам ауыл баласы жаттыға алады. Заман талабына сай жабдықталған спорт нысанына мемелекеттік қазынадан 450 млн теңге бөлінген.
Ербөлек Шаңгерей, Темір аудандық спорт мектебінің директоры:
- Осы уақытқа дейін де Қазақстанға шығып жүрген қыздарымыз, ұлдарымыз бар. Еркін күрес, дзюдо, футболдан Қазақстан атынан шығып жүрген. Енді әлемдік деңгейге көтерілетін мүмкіндіктер болады деп есептеймін.
Жаттығу бөлмелері мен күрес, бокс және ойын залдарын айтпағанда 13 үйірме ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Тоғызқұмалақ пен үстел тенисі, гір спорты мен шахмат-дойбыдан да облыстық деңгейдегі біріншіліктерді өткізуге болады. Шалғай ауылдан келетін жас спортшылар үшін жатын бөлмелер қарастырылған.
Оңдасын Оразалин, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы халықтың тұрмыстық жағдайын, әл-ауқатын арттыруды бізге тапсырған уақытта осындай жұмысқа кірісіп, шынықтыру-сауықтыру орталығымен қоса спорт мектебін осы жерге ашайын деп жатырмыз. «Үлкен жетістікке жетсін, ең бастысы дендері сау болсын» деген ниетпен істеліп жатқан дүние. Бәсекелестікке қабілетті, қазіргі заманның талабына сай білім алса, спортпен айналысса, болашағымыз жарқын болады деп ойлаймыз.
Ал Байғанин ауданында ашылған шынықтыру-сауықтыру ғимаратының ерекшелігі – типтік бассейннің болуында. Бұрын Жем мен Сағыз өзендеріне шомылған Байғанин жастары үшін енді заманауи бассейнде су спортын меңгеруге жағдай туды. Жалпы кешен бір мезгілде мыңға жуық адамды қабылдауға қауқарлы. Сондықтан ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданатындардың қатары артатындығы сөзсіз.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов