Бурабайда «Батырлар» композициясы орнатылды
Атап айтсақ, «Батырлар» атты жаңа архитектуралық композиция орнатылды. Ол туристердің назарын аударатыны өз алдына, қазақ халқының мәдениетін айшықтайтын – тарихи және мәдени ескерткіш.
Тарих демекші, бұл өлкеде батыр бабаларымыздың қолымен тұрғызылған қорғаныс кешені бар. Ол нысанды да ерекше демалыс орны ретінде қолдануға болады.
«Батырлар» композициясын алғаш көргенде оның құрылымын бірден түсінбеуіңіз мүмкін. Сұлбалар бірнеше бөліктен тұрады. Сондай-ақ жаңа туындының әр өлшемі маңызды оқиғалар, белгілі ұғыммен астасады. Мәселен, ұзындығы – 16 метр. Тәуелсіздік алған күнмен сәйкестендіріліп жасалған. Ал бағанның биіктігі – 7 метр. Ол – қазақ үшін киелі сан. Айтпақшы, батырлардың барлығын бір мезетте көргіңіз келсе, арнайы ережені білу керек.
Елдар Ғабдұлов, мердігер компания өкілі:
– 35 метр қашықтықтан бір уақытта көру мүмкіндігі бар. Бұл инсталляцияның авторы – Еділ Балықбайұлы. Мұны қазақстандықтардың ауызбіршілігі, тұтастығын бейнелеу мақсатында ойлап тапқан.
Батырлардың бәрі – жиынтық образ. Олардың төменгі жағында графикалық бейнелер орналасқан. Тақырыбы – қазақтың аңшылық, көкпар, қыз қуу, жамбы ату сияқты ұлттық ойындар.
БЛИЦ:
– «Батырлар» инсталляциясы Бурабайда болғаны өте орынды деп санаймын.
– Өте ұнады. Бұл негізі – қазақтардың тарихы. Жан-жақтан туристер келеді қарайды.
Сондай-ақ Абылай хан алаңында «Батырлар» композициясының алдына жаңа музей салынған. Кешен жақын күндері ашылады.
Мирас Өзбеков, компания менеджері:
– Бұл жай ғана музей емес. Мұнда барлығы заманауи ойындарға ұқсас. Үш тілде еліміздің тарихы баяндалатын бірнеше залдар мен атракциондар бар.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
– Қазақ батырларының ерлігін, күш-қуатын дәріптеуге арналған тағы бір нысан – Қытай қорғанының баламасы іспеттес. Мына алып тастардан тұрғызылған қабырға. Ол Бурабайдағы Ақылбай асуында көзден таса жерде орналасқан.
Ерекше кешеннің қашан салынғаны жайлы ресми дерек жоқ. Көз көргендердің айтуынша, 18 ғасырда тұрғызылған. Тағы бір болжамға сай, бұл қабырғаны табиғат ананың өзі тарту еткен. Қалай болғанда да ол ерекше қорғауды қажет ететіні анық. Өйткені бірнеше шақырымға созылатын қорғанның кей бөліктері қирай бастаған. Оны қалыпқа келтіріп, көпке кеңінен таныстырсақ, туристер үшін тағы бір сүйікті орын пайда болғалы тұр.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Тоқтар Терлікбаев