Қарағанды облысында мүлік иелерінің бірлестігі құрылды
Қанатқақты жоба оң нәтиже берсе, облыстағы өзге баспаналар да жаппай ауыстырылмақ. Пәтер иелерінің кооперативін алмастыратын бұл бірлестік қалай жұмыс істейді, тұрғындарға несімен тиімді?
Сәтбаев қаласының Абай көшесіндегі 15-ші үйдің тұрғындары Пәтер иелері кооперативінің қызметінен бас тартып, оның орнына мүлік иелерінің бірлестігін құрды. Жаңа ұйымға Светлана Лаврушкина жетекшілік етеді, жергілікті жұрт оны бірауыздан сайлаған. Төрайымның міндеті – ай сайын жиналатын ақшаны тиімді жұмсау, үйдің жалпы техникалық жағдайын қадағалап отыру.
Светлана Лаврушкина, үй төрайымы:
– Бізде 4 подъезд бар, соған орай 4 касса ұстаймыз. Мәселен, бір подъезде жөндеу жұмыстарын жүргізсек, тек сол подъезд тұрғындарының ғана ақшасы жұмсалады. Ал шатыр, жылу, су жүйесі секілді шаруаларға қаржыны ортақ кассадан шығарамыз. Барлық есеп-қисап жұмыстарын жұрт көріп отырады. Бірлестікте жұмыскер ұстап, ай сайын жалақы төлеп отырудың қажеті жоқ. Керек болған жағдайда жалдап, тек атқарылған жұмысқа ғана ақша төлейміз.
Тұрғындар бұған дейін Пәтер иелерінің кооперативіне ай сайын төлейтін ақшаның қайда кетіп жатқанынан бейхабар болып келген. Ал жаңа бірлестіктің жұмысы олардың көңілінен шығып отыр. Себебі жиналған қаржының қайда жұмсалғанын жұрт мұқият қадағалап отырады. Қандай жұмыс атқару қажеттігін де өзара ақылдасып шешеді.
Айжарқын Қалдарова, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
– Жиналған ақша кәдімгі біздің есебімізден өтіп жатады. Өзіміз бақылап, қадағалап көріп отыра аламыз. Подъездің тазалығын, подвалдың санитарлық нормада екенін, подвалдағы құбырларды жөндеп жатқанын көрдік, одан есік ауыстырғанын көрдік. Осының бәріне көңіліміз толып, осы программаны ұнатып, өзімізге ыңғайлы ретінде қабылдап отырмыз.
Тұрғындардың айтуынша, 60 пәтерлі бұл үй осыдан бірер жыл бұрын ғана пайдалануға берілген. Тиісінше, техникалық жағдайы жақсы. Бірақ соған қарамастан жұрт ай сайын Пәтер иелерінің кооперативіне ақша төлеп келді. Ал ол қаражат кооперативке қарайтын өзге бір ескі үйді жөндеуге жұмсалып отырған. Енді оған жол берілмейді.
Мейіржан Құржықов, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің инспекторы:
– Осы үйдің әрі қарай тиімділігі жақсы болып, халық қолдап жатса, біз әрі қарай жұмысты жалғастырып, 603 үйде мүмкіндігінше әрі қарай құруға тырысамыз. Ол үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Айта кету керек, қазір Сәтбаев қаласында 603 көпқабатты тұрғын үй бар. Жыл соңына дейін соның 7-де мүлік иелерінің бірлестігін құру жоспарда. Кейін қанатқақты жоба облыстың өзге өңірлерінде де қолға алынбақ.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев