Онлайн билет сатылымы 85% төмендеді
Ал музыкалық концерт өткізуге әлі рұқсат берілген жоқ. Осындай қалыптасқан жағдайда алдын ала сатылып кеткен билет құнын қайтару мәселесі туындайтыны анық. Мысалы, бір ғана «Тикетон» компаниясында сатылған билеттердің 85 өз иелерін тапқан.
Наурыз айында, яғни карантин жарияланған күннен бастап Қазақстанда 500 іс-шараны өткізу кейінге шегерілді. Сол кезде билет сатылымы тоқтатылды. Ал онлайн касса арқылы алдын ала билет сатып алғандарға ақшаларын қайтарып беру керек болды. Бұл міндеттен алғашқылардың бірі болып еліміздегі ірі онлайн сервистік «Тикетон» компаниясы құтылды. Жиналған қаржының жартысынан астамы іс-шара өткізушілерге аударылғанына қарамастан, компания қарызын өтеп қана қойған жоқ. Билет бағасының 30 процентіне тең бонустар сыйлады. Оны «Тикетон» сайты арқылы кез келген іс-шараға онлайн билет сатып алғанда қолдануға болады.
Виктория Торгунакова, «Тикетон» компаниясының бас директоры:
– Бірнеше ай бойы біз іс-шара өткізушілермен ортақ келісімге келе алмай, біраз қиналдық. Олар сатылған билеттен жиналған ақшаны қайтарғысы келмеді. Соған қарамастан біздің компания шығынды өз есебімізден төлеуді ұйғардық. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша қарызымызды 100 пайыз өтедік. Оған несие алу арқылы және акционерлердің жеке қаражатын салу арқылы қол жеткіздік.
Былтыр компания күніне он мыңға жуық билет сататын. Қазір не бары екі мың билет өтеді. Негізгі сатып алушылар – алматылықтар мен астаналықтар.
Виктория Торгунакова, «Тикетон» компаниясының бас директоры:
– Жұмыс басталғаннан кейінгі екі айда біз адамдардың кинотеатрға барулары азайғанын байқадық. Билет бұрынғы қарқынмен сатылмайды. Ал театрға баратындар көп. Өйткені көрермен сахна өнерін сағынғаны анық.
Мамандардың пікірінше, бұл нарық қалпына келу үшін кемінде жарт жыл уақыт қажет. Ол үшін залдар адамға толу болуы керек.
Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев