Хабар телеарнасы

Алматыда автобус апатынан 9 жолаушы ауруханаға түсті

Алматыда тағы да автобус апаты. Бүгін таңертең ауыр арнайы техника аялдамада тоқтап тұрған 137-бағыттағы автобустың артына соғылған. Қоғамдық көлік сол екпінмен жеке тұрғын үйдің қоршауын барып қаққан. Оқыс апаттан зардап шеккен 9 адам ауруханаға жеткізілді. Олардың біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Еске салсақ, осыдан 20 күн бұрын ғана Алматыда автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, 24 адам жарақат алған еді. Оқиға орнында 1 адам көз жұмған болатын.

Асылбек Ембердиев, №7 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
-Қажетті медициналық қарап-тексерулерден кейін 2 адам политравма бөлімшесіне емдеуге жатқызылды. Соның ішінде реанимация бөлімшесіне жатқызылған жолаушы да бар. Екі пациенттің жағдайы тұрақты ауыр.
Қалған пациенттер қажетті медициналық тексерулерден өткеннен кейін тұрақты мекенжайлары бойынша амбулаториялық емдеуге жіберілді.